Қайтейік енді
24.04.2026,
в 13:30
325
Ақтауда 24 жастағы Маржан СҰЛТАНҒАЛИЕВАНЫҢ суицид жасағанына туыстары сенбей отыр. Сондықтан қара жамылған отбасы істі қайта тергеп, кінәлі адамды жазаға тартуды талап етеді, деп хабарлайды Информбюро 31.
Олар қылмысқа күйеу баланың қатысы болуы мүмкін деп топшылайды. Себебі, қызыма жолдасы күн көрсетпей, жас жанұяда жанжал жиі болған дейді.
Жас келіннің мәйіті жылдың басында өз пәтерінде табылған болатын. Қызынан қапыда айырылған Гүлзира ДЕМЕУОВА арыз-шағымын арқалап, апта сайын полиция мен прокуратураға барады. Себебі, қызының өмірімен өз еркімен қош айтысқанына сенбейді.
Маржан Сұлтанғалиева ұзатылған көйлегін киген күйі пәтерінде табылыпты. Бірақ сараптамада суицидтің белгілері табылмады делінген.
– Анау жатысы маған ұнаған жоқ. Соны ана баланың әкесіне айттым. «Менің қызымның жатысы суицид емес» дедім да. Сосын бірақ сенің балаңды әлі тексертемін дегенде «менің балам адам болмайды» деді. Иә, ол адам болмайды деді. Өзі сөйтіп айтты. Сосын ол қызымның жатқан жатысы, үстіне киген киімі, ана кісінің адам болмайды дегені, сосын жаңағы освидетельстованияға апармағаны, оның бәрі үсті-үстіне жамала берді күдік болып, – дейді марқұмның анасы Гүлзира Демеуова.
Маржан Сұлтанғалиева Ақтаудағы медициналық колледжде білім алып, болашақта стоматолог болуды мақсат еткен. Анасының сөзінше, бастапқыда тұрмысқа шығуға қарсы болғанымен кейін келісімін берген. Алайда отбасылық өмірде жанжал жиілеп, жас жұбайлар бөлек шыққан.
Ал әділдік іздеген ана қызының өліміне қатысты шындық ашылса дейді.
– Менің нақты талабым, осы істі жан-жақты тергеу жүргізіп, материалдарын көрсетіп, міне біз жасадық, сіздің мына күдігіңіз былай, мына күдігіңіз былай, дактилоскопия бойынша былай болған деп, маған осының барлығын дәлелдеп берсін, – дейді марқұмның анасы.
Қара жамылған отбасы алғашында «өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қозғалған іс кейін қысқартылған деп отыр.
Марқұмның күйеуі сұхбат беруден бас тартты.
Ал полицияның айтар өз уәжі бар: «Қылмыстық іс ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты тоқтатылды. Тергеу барысында қосымша дәлелдемелер жинау үшін барлық мүмкіндіктер қолданылған. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісі тоқтатылды», – деп хабарлады Ақтау қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Қайғыдан қан жұтқан ана тергеу әрекеттері уақытылы жүргізілмеген дейді. Соның салдарынан оқиғаның толық көрінісі ашылмады отыр.
Қазір прокуратура бұл істің мән-жайын анықтауға кірісті.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
19.04.2026,
16:00
20.04.2026,
09:00
21.04.2026,
14:00
19.04.2026,
22:52
Реклама
Реклама