Волейболдан жарысқа бара жатқан үш бала жол апатынан көз жұмды

Қайтейік енді

25.04.2026,

  в 16:00

305

Қайғылы жағдай Шардара ауданында орын алды

Түркістан облысында волейболдан жарысқа бара жатқан үш бала жол апатынан көз жұмды. Үш отбасы үкілеп отырған ұлдарын бүгін жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Сегізінші сыныптың оқушыларынан құралған команданы көлігімен облыстық турнирге апармақ болған жаттықтырушы да ауыр жарақат алған. Ал өзге машинада отырған сегіз ұл дін-аман.

Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, Камаздың жүргізушісін қамауға алған.

Жантүршігерлік жол апаты күні кеше Шардара-Байырқұм тас жолында болған. Өз жолымен келе жатқан көлікті Камаз қатты жылдамдықпен соққан. Салдарынан оқушылар отырған Chevrolet Cobalt көлігі аударылып, сау-тамтығы қалмай жапырылды. Өкінішке қарай, жеңіл машинада отырған 14 жастағы жеткіншек оқиға орнында тіл тартпай кетті. Марқұм балаларды волейболдан облыстық турнирге Арыс қаласына бара жатқан дейді ұстаздары.

Осы жарысқа барардан бұрын «Апай, біз жарысқа барамыз. Міндетті түрде жеңіп келеміз» деп күліп айтып кеткені бар еді. Оқушыларым спорт саласына өте қызығатын. Мектепішілік жарыстарға, аудандық жарыстарға барып, жүлделі орындар алып келетін. Ешқандай жаман қылықтары жоқ. Үнемі күліп жүретін оқушыларым еді, – дейді Көкарал ауылы №46 мектептің мұғалімі Айдана ТҰРСЫНОВА.

Көлік рөлінде отырған 34 жастағы жаттықтырушы қазір ауруханада жатыр. Белгілі болғандай, сегізінші сыныптан құралған команда екі көлікпен жолға шыққан. Бірі апатқа ұшыраса, екіншісінде отырған балалар дін-аман.

Полиция жүк көлігінің жүргізушісін қамауға алып, тергеуді бастады.

Кәмелетке толмағандарды тасымалдау бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға, оның ішінде полицияға хабарлама берілмеген. Қазіргі уақытта жол көлік оқиғасына байланысты барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда. Сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деді Бауыржан ЗИЯТОВ, Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары.

Сегізінші сынып оқушылары Қанабек ТӨЛЕБАЙ мен Нұрсұлтан ТАШБОЛАТ екі жылдан бері түрлі турнирлерге қатысып, жарыстан құр алақан келмеген. Волейболдан облыстық құрамаға қосылғалы тұрған спортшылар бала күнінен бірге өскен сыныптас әрі жақын дос болған дейді мұғалімдер. Көпбалалы отбасынан шыққан үш ұлды туыстары бүгін жер қойнына тапсырды.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!