Қайтейік енді
03.06.2026,
в 12:00
198
Бір жақсы, бір жайсыз жаңалығымыз бар.
Біріншіден, TikTok-та кең тараған Sephora Girls әлемдік тренді Қазақстанға да жетіпті. Бұл – бастауыш және орта сыныптарда оқитын қыздар ересектерге арналған косметиканы сатып алып, қолдана бастады деген сөз. Кішкентай қыздардың тері күтімімен айналысып, бетіне небір қышқылдар, ретинол және қартаюға қарсы сарысуларды жағып, камера алдында боянып, қуыршақтай боп отырған видеоларын көрген шығарсыз әлеуметтік желілерден. Бұл қорқынышты құбылыс.
Трендтің атауы жасөспірімдерге косметика сататын Sephora дүкендер желісінен шыққан. Ең қауіптісі – мұндай әуестік денсаулыққа үлкен зиян келтіруі мүмкін.
Мәселен, Гродно қаласында 13 жастағы қыз бетіне ферментті ұнтақ жаққан соң беті күйіп, жансақтау бөліміне түсті. Анасының айтуынша, қызының терісі қабыршақтанып түсе бастаған. Дәрігерлер қажетті ем жүргізгеннен кейін денсаулығы оңалды, бірақ бетінде тыртықтар қалған.

Осындай жаңалықтарды естіген алматылық кей аналар қыздарының косметика сөмкелерін қарап шығыпты. (Ондағы косметикалық заттардың көптігі сонша, балаға мұның бәрі не керек деп таң қаласыз).
15 жастағы Валерияның сөмкесінен танымал брендтің кремі табылды. Жай ғана крем сияқты, бірақ технолог оның құрамын зерттегеннен соң одан қоюландырғыш ретінде қосылған синтетикалық компоненттер табылыпты. Ол тыйым салынған зат емес, бірақ одан жасөспірімдердің терісі үшін пайдасынан зияны мол. Мұндай қоспалар тері тесіктерінің бітелуіне және безеудің пайда болуына себеп болуы бек мүмкін.

14 жастағы Айлиннің сөмкесінде жүрген тониктің құрамын анықтау үшін технолог қосымша тексерулер жүргізуге мәжбүр болды. Нәтижесінде өнім сапалы деп танылды, бірақ оның қыздың жасына мүлдем сәйкес келмейтіні анықталды.

Осындай оқиғалар ASIYA бренді мен Telli дүкендер желісінің негізін қалаушы, эколог әрі төрт баланың анасы, оның ішінде екі қыз тәрбиелеп отырған Әсел ТАСМАҒАМБЕТОВА ұйымдастырған Sephora Girls тақырыбындағы кездесуде айтылды. Бұл – жақсы жаңалық. Өйткені бұл мәселеге енді ата-аналар, психологтар мен маркетологтар ғана емес, тері күтіміне арналған заттарды өндірушілер де мән бере бастады.
– Біз клиенттеріміздің барған сайын жасарып келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл тек Telli-де ғана емес, барлық ірі косметика дүкендері бірдей мәселеге тап болып отыр: 9, 10, 11 жастағы қыздар ересектерге арналған косметиканы сатып алады, ақшасын ата-аналары төлейді. Бұл тренд Sephora-дан келді және TikTok пен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таралуда. Эколог ретінде мен мұны алаңдайтын құбылыс деп санаймын. Косметика деген – зиянсыз өнім емес. Оның құрамында ағзаға ұзақ уақыт әсер ету арқылы денсаулыққа зиянын тигізетін күрделі ингредиенттер бар. Біз де косметика шығарамыз, сондықтан кремдер мен басқа да заттардың неден жасалатынын жақсы білеміз. Менің ойымша, белгілі бір жас шектеулері болуы керек. Алты-он жастағы қыздар косметика пайдаланбауы тиіс, – деді Әсел Тасмағамбетова.

Бұл кездесу бірақ тыйым салу немесе ақыл айту форматында өткен жоқ. Ешкім ешкімнің косметикасын тартып алмады, жасөспірімдерді сұлулық трендтеріне қызыққаны үшін ешкім кінәлаған жоқ. Оның орнына технологтар косметика құрамын қалай оқу керектігін түсіндірді, маркетологтар маркетинг пен өнімнің нақты пайдасы арасындағы айырмашылықты көрсетті, ал дерматолог дәрігерлер қай компоненттердің шынымен тиімді екенін, ал қайсысы тек әдемі қаптама мен «қымбат өнім» әсерін жасау үшін қолданылатынын айтып берді.

Сарапшылар көтерген тағы бір мәселе – сырттай балаларға арналған болып көрінгенімен, құрамы жағынан ересектердің косметикасынан еш айырмашылығы жоқ өнімдер. Жарқын қаптама, мультфильмнің кейіпкерлері және «жарқыраған тері» туралы жарнамалар қауіпсіз көрінгенімен, ол косметиканың ішінде мүлдем басқа жастағы адамдарға арналған ингредиенттер болуы мүмкін.

Ғылымның барлық сұрақтарға әзірге нақты жауап бере алмайтынын мамандар мойындайды. Көптеген косметикалық компоненттердің балалар ағзасына әсері туралы зерттеулер әлі де жеткіліксіз. Сондықтан ғалымдар мен экологтар сақтық қағидатын ұстануға шақырады. Әсіресе өсіп келе жатқан, гормондық өзгерістер кезеңіндегі қыздарға кейбір заттардың эндокриндік және репродуктивтік жүйелерге тигізер әсері толық зерттелмеген.

Әсел Тасмағамбетованың айтуынша, бұл трендпен тыйым салу арқылы күресу мүмкін емес. Сондықтан ол технологтардың алдына басқа міндет қойды – жасөспірімдер үшін шын мәнінде қауіпсіз өнімдер шығару.
– Былтыр біздің кездесуімізге алты жастағы қыз келді. Ол – ең жас қатысушы болды. Қызының косметикаға деген қызығушылығын тыя алмай жүрген анасы шарасыз күйде еді. Сол кезде мен «қой»,«болмайды» деумен мәселе шешілмейтінін түсіндім. Сондықтан технологтарымызға тапсырма бердік: егер жасөспірімдер күтімге арналған заттарды бәрібірқолданатын болса, онда оларға қауіпсіз балама жасап берейік дедік, – деді Әсел Тасмағамбетова.
Осылайша ASIYA бренді сынақ түрінде жасөспірімдерге арналған алғашқы өнімдерін шығарды. Әзірге олар – сегіз жастан бастап қолдануға болатын жуынуға арналған көбік пен «үшеуі бір құтыда» кремі.

Дегенмен кездесудің басты тақырыбы косметиканың зияны туралы емес. Ең маңыздысы – жасөспірімдерге тыйым емес, білім керек. Өйткені TikTok-тағы әдемі құты мен шын қауіпсіз күтім құралының арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

Фото: © Hronika.kz / Анар Құмарбекова.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
02.06.2026,
11:00
02.06.2026,
10:00
01.06.2026,
10:00
01.06.2026,
12:00
Реклама
Реклама