Қайтейік енді
12.06.2026,
в 13:30
174
9 маусымда президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өз жарлығымен Молдабек АХМЕТОВ дейтін судьяның құрметті отставкасын тоқтатып тастады. Мұндай жағдай Қазақстанда бұрын ешқашан болмаған.
Молдабек Ахметов ҚР президентінің 2018 жылғы 4 мамырдағы №680 Жарлығымен Қызылорда облыстық сотының судьясы қызметінен құрметті отставкаға шыққан болатын.
Отставкаға шыққаннан кейін Ахметов заңгерлік қызметпен айналысып, азаматтардың соттағы мүдделерін қорғаған. Сөйтіп жүріп бір сот орындаушысына қарсы жаман қылықтар жасап қойыпты.
Судьялар әдебі жөніндегі комиссияның мәліметінше, Ахметов сот орындаушысымен жөнді әңгіме құра алмай, оған балағат сөздер айтып, агрессия танытқан. Сот орындаушысы бұл жағдайды видеоға түсіре бастағанда, отставкадағы судья оның телефонын жұлып алып, жерге ұрып сындырған. Мұның бәрі куәгерлердің көз алдында болған екен.
Сот орындаушысының шағымынан кейін Қызылорда облысының Судьялар әдебі жөніндегі комиссиясы арызды қарап, Ахметовтың әдеп талаптарына сай келмейтін теріс қылық жасағанын анықтады.
Енді Ахметов құрметті отставкадағы судьяларға ай сайын 500 мың теңге көлемінде өмір бойы төленетін ақшадан айырылады, судья мәртебесі мен «Судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көзделген кепілдіктерден де айырылады. Отставкаға шығарда Ахметовке судьяның 24 айлық жалақысы көлемінде төлем берілген. Енді оны да мемлекетке қайтаруы тиіс болса керек.
Молдабек Ахметовтың бір ұлы Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарады.
Қызылорда облыстық сотының сайтында судья Ахметов туралы мынадай «жылы сөздер» жүр:
«ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қызылорда облыстық сотының судьясы Ахметов Молдабек Меңлібайұлы ҚР президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы №382 Жарлығымен “Құрмет грамотасымен” марапатталды.
Облыстық соттың судьясы Молдабек Ахметов Қызылорда облысының сот жүйесінде ширек ғасырға жуық уақыт бойы абыроймен және адал еңбек етіп келеді.
Осы уақыт аралығында ол 1996-2002 жылдары Сырдария аудандық сотының төрағасы, 2002-2007 жылдары Қызылорда қалалық сотының төрағасы қызметтерін атқарды, ал 2007-2010 жылдары Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болды.
М. Ахметов ҚР Әділет министрлігінің алғыс хаттарымен, ҚР Судьялар одағы Орталық кеңесінің құрмет грамоталарымен, ҚР Конституциясының 10 және 15 жылдығына арналған медальдармен, Астана қаласының 10 жылдығына арналған медальмен, ҚР Жоғарғы соты төрағасының, облыстық соттың құрмет грамоталарымен, сондай-ақ Судьялар одағы филиалы төрағасының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталған. 2013 жылы оған “Үш би” төсбелгісі табысталды.
Біз көп жылдық тәжірибесі мен еңбек өтілі бар судья ретінде М. Ахметовтің жас судьяларға үлгі болып, баға жетпес тәлімгер болатынына нық сенеміз. Өз кезегімізде судья М. Ахметовті алған марапатымен шын жүректен құттықтаймыз».
Фото: Ақорда.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
11.06.2026,
12:00
10.06.2026,
10:30
08.06.2026,
10:30
06.06.2026,
14:00
Реклама
Реклама