Қайтейік енді
02.07.2026,
в 13:30
356
Ресейдегі жанармай дағдарысының салқыны Қазақстанға да сезіле бастады. Сарапшылардың айтуынша, көрші елдегі бензин тапшылығы теңгені әлсіретіп, тіпті әуе билеттерінің бағасына да әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Информбюро 31.
Украинаның шабуылдарынан кейін Ресейдегі ахуал күннен-күнге ушығып барады. Жанармай тапшылығына байланысты бұған дейін Иркутск облысы мен Забайкалье өлкесінде жоғары дайындық режимі енгізілген еді. Күні кеше бұл тізімге Пенза облысы да қосылды. Яғни, қазір үш өңірде жағдай күрделі.
Жалпы, көрші елдің басым бөлігінде отын сатуға шектеу қойылған. Кей аймақтарда жүргізушілерге бір құйғанда 30-50 литрден артық жанармай берілмейді. Халыққа бензин сатуды шектемеген жалғыз өңір – Чукотка ғана болып тұр.
Қазір Ресейдегі жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезекте тұрған жүргізушілердің жүйкесі жұқарып, жаға жыртысып жүр.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай тапшылық Қазақстанмен шекарадағы көлеңкелі жанармай саудасын одан әрі қыздыруы мүмкін. Бірақ, еліміздің энергетика министрлігі жағдайдың бақылауда екенін тағы да ескертті. Яғни, көліктердің шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу қойылған.
Қазақстанда жанармай қоры жеткілікті деген шенеуніктер тапшылық туындамайтынына сенімді. Бірақ, басты қауіп мұнымен бітпейді. Ендігі кезекте авиациялық жанармай нарығында өзгеріс болуы мүмкін.
– Мы не обеспечиваем себя. Қазақстан әуе отыны бойынша өзін толық қамтамасыз ете алмайды. Елде жылына шамамен 800 мың тонна әуе жанармайы өндірілгенімен, тағы 400-500 мың тоннасы Ресейден тасымалданады. Демек, ішкі қажеттіліктің 40 пайызы көрші елдің есебінен өтеледі. Сондықтан Ресейдегі кез келген іркілістің салдары Қазақстанға міндетті түрде әсер етеді, – дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас БАЙДІЛДИНОВ.
Яғни, Ресейдегі өндіріс тағы тұраласа, Қазақстан жаңа жеткізушілер іздеуге мәжбүр болады. Бірақ Қытай, Әзербайжан немесе Түрікменстаннан келетін әуе отыны әлдеқайда қымбатқа түседі. Демек, оның салқыны билет бағасына да тиюі ықтимал. Алайда, бұл ішкі рейстерге емес, халықаралық әуе бағыттарына ғана қатысты дейді. Украинаның Орынбор газ өңдеу зауытына бағытталған шабуылынан кейін еліміздегі мұнай өндірісі тұралады. Бұл мәселе де сарапшыларды алаңдатып отыр.
– Жалпы алғанда 10 пайызға газ конденсат өндірісі төмендеді. Жалпы Орынбор газ өңдеу зауытына біз 8-9 миллиард текше метр газ жіберіп, ары қарай тауарлық газбен 7-8 миллиард келеді. Ол ішкі нарыққа қолданылады. Орынбор газ өңдеу зауыты Қазақстандағы газ өндірісінің шамамен 1/3 қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан да бұл өте күрделі сұрақ, – дейді мұнай саласының сарапшысы Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ.
Ресейдегі қазіргі ахуал рубльдің әлсіреуіне әкелуі ықтимал. Ал рубль арзандаса, теңге де ішінара құнсыздануы мүмкін дейді сарапшылар. Себебі Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланысы тығыз.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
26.06.2026,
10:30
01.07.2026,
10:30
26.06.2026,
09:00
02.07.2026,
12:00
Реклама
Реклама