Қызылордада көз жұмған оқушыны 12 бала жабылып тепкілеген деседі

Қайтейік енді

27.10.2026,

  в 10:30

278

Марқұм жасөспірімнің туыстары оны тек үш адам ұрып-соққан дегенге сенбейді

Қызылордада кәмелетке толмаған балалар арасындағы төбелес бір оқушының өлімімен аяқталды. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Kazinform.

14 жастағы оқушының қаза тапқаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.

– Бұл жазбаны көзіме жас алып, әрең жазып отырмын. Менің туған інімді өлтіріп кетті. Оның өмірі қатыгездікпен қиылды, ал біздің отбасымыз әлі күнге дейін бұл ауыр қайғыға көне алмай отыр. Біздегі ақпарат бойынша, шабуылға 12 адам қатысқан. Інімді топ болып ұрып-соққан, соққы жүрек тұсына тиген. Алайда әзірге тек үш адам ғана ұсталды, – делінген Threads әлеуметтік желісіндегі жазбада.

Бұл оқиғаға байланысты Қызылорда облысының полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.

– 8 қазанда Қызылорда қаласының тұрғынын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаны тергеу аясында үш күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген ведомствоның хабарламасында.

Қаза тапқан жасөспірімнің туыстары оны тек үш адам ұрып-соққан дегенге сенбейді. Олардың айтуынша, шабуыл жасағандардың 12 адам болғанын растай алатын куәгерлер бар.

Құқық қорғау органдары бұл нұсқа да тексеріліп жатқанын атап өтті.

– Алынған барлық бейнежазба егжей-тегжейлі зерделенді. Оқиғаға басқа адамдардың да қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша әрбір фигуранттың рөлі мен қатысу дәрежесіне құқықтық баға беріледі, – делінген ресми хабарламада.

Департамент басшылығы тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін және тергеу барысы ерекше бақылауға алынғанын да хабарлады.

Фото: Threads.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!