Қайтейік енді
10.10.2026,
в 12:00
179
25 қыркүйекте Алматыдағы Prometheus School жекеменшік мектебінің 2-сынып оқушылары сынып жетекшісімен бірге микроавтобусқа мініп, Талғар ауданындағы “Тау Самал” лагеріне бармақ болыпты. Жолда автобустан өрт шығып, көлік түгі қалмай жанып кеткен екен. Құдай сақтап, балалар дін аман қалды. Бұл жағдай туралы сол автобуста болған оқушылардың бірінің анасы айтып берді.
Күйген иіс шығып, автобустың іші түтіндей бастағанда балалар шу ете қалған. Бірақ жүргізуші оған мән бермей, терезені ашыңдар деп қойып жүрісін жалғастыра берген деседі. Автобус іші түтінге әбден толғанда ғана тоқтап, есікті ашпақ болғанда, есік ашылмапты. Содан терезені балғамен шағып, жүргізуші мен мұғалім екеулеп балаларды автобус ішінен сыртқа бір-бірлеп шығарып алыпты.
Ата-аналар бұл жағдайды мектеп әкімшілігінен емес, өздерінің чатынан біліпті. Бір баланың қолында өрт қатері туралы ескертетін сағат болып, ата-аналар оқиға орнына өздері барыпты.

“Барсақ, балалар жоқ. Олардың бәрін Бесқайнар әкімдігінің ғимаратына алып кетіпті. Мұғалім «Жедел жәрдемді» де бірден шақырмаған екен. Бұл туралы ешкім білмесін дегенге ұқсайды. Сол күні Қазақстанда Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғаға байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні болатын. Сол күні Қазақстанда 18 бала өртеніп кетуі мүмкін еді. Сондай жауапты жағдайға мектеп әкімшілігінің тым жауапсыз қарап отырғаны қызық”, – дейді оқушы қыздың анасы.
Оқушыларды лагерьге апару – сынып жетекшісінің ойлап тапқаны екен. Мектеп әкімшілігі бұл туралы білген. Бірақ балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген. Туристік оператор арқылы бір автобусты жалдай салған
Hronika.kz Талғар ауданының полиция басқармасынан түсініктеме сұратқан еді. Мынадай жауап алдық:
«2026 жылғы 25 қыркүйекте сағат 15:25 шамасында Талғар ауданының Бесқайнар ауылына қарай бағыт алған Mercedes-Benz Sprinter маркалы шағын автобустан өрт шыққаны анықталды. Аталған көлікпен ұйымдастырылған сапар аясында Алматы қаласынан 2 «Б» сыныбының 18 оқушысы тасымалданған. Шағын автобусты сол автобустың иесі басқарған. Кәмелетке толмаған оқушылармен бірге Prometheus School жекеменшік мектебінің сынып жетекшісі, педагог Наталья Сергеевна МАЛЬСАСОВА болған», – делінген Талғар ауданының полиция басқармасының бастығы Нұржан РАХМЕТУЛЛАЕВ қол қойған хатта.
Полиция басқармасы бастығының айтуынша, «өрт шыққаны анықталғаннан кейін жүргізуші көлікті тоқтатқан, кәмелетке толмаған оқушылар мен оларды алып жүрген педагог салоннан дер кезінде эвакуацияланған».
«Сол жердегі адамдар өртті өрт сөндірушілер келмей тұрып сөндірген. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, медициналық көмекке ешкім жүгінбеді. Бұл дерек Талғар қаласының СПЧ-2 есеп кітабына тіркелді. Жиналған материал төтенше жағдайлар органдарынан Талғар ауданының полиция басқармасына келіп түсті.
Материалды қарау нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмағандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға негіздің жоқтығы анықталды. Осыған байланысты аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған жоқ. Осылайша, бұл дерек бойынша күдіктілер немесе ұсталғандар туралы мәлімет жоқ», – делінген Рахметуллаевтың редакция сауалына берген жауабында.
Сосын біз Prometheus School құрылтайшысы Даурен КАУПЫНБАЕВҚА хабарластық. Телефонмен сөйлескенде ол «Мен білмеймін, мен елде емеспін» деді.
Бірақ Каспий теңізінде 14 әскери қызметші суға батып қаза тапқан кезде де, автобус өртенген күні де қабырғасы қайысқан Даурен Каупынбаев Facebook-тегі парақшасына посттар жазып, тергеу туралы барлық ақпарат ашық болуы тиіс депті.


Бірақ өз мектебіндегі жағдай туралы жақ ашпай, болған жағдайға бір түйір өкініш білдірмеді. Өзі Прагада қыдырып жүрген суреттерін жүктепті.

Даурен Каупынбаев – білім беру саласында тасы өрге домалаған кәсіпкер саналады. Оның Prometheus School мектебінде 2026-2027 оқу жылына арналған оқу құны мынадай:
Өзі Алматыдағы мектептерінің санын көбейтуді жоспарлап жүр.
Лагерьге барар алдында оқушылардың ата-аналарына Көк-Төбе ықшамауданында мектеп салуды қолдаймыз деген өтініштің дайын үлгісі берілген екен. Өтініштің дайын бланкісін балалар арқылы жіберген, ата-аналардан тек оған қол қою талап етілген. Қала әкіміне жолданған өтініште ауданда мектеп жетіспейтіні және жер учаскесінің иесі екі жылдан бері кедергілерге тап болып жүргені айтылған. Көк-Төбе ықшамауданы – Алматыдағы Медеу ауданының элиталық аудандарының бірі.

Бизнес тұрғысынан алғанда, бұл – қала әкімі Дархан САТЫБАЛДЫҒА қысым жасайтын ұтымды қадам. Алматыдағы ең қымбат мектептер онсыз да Медеу ауданында шоғырланған.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
06.10.2026,
18:00
05.10.2026,
21:12
05.10.2026,
15:00
03.10.2026,
14:52