Қайтейік енді
25.11.2026,
в 15:00
235
Бес миллионнан елу бес миллионға дейін айыппұл арқалап жатыр. Атырауда жүк көлігінің жүргізушілері шу шығарды, деп хабарлайды Информбюро 31.
Тауар тасып, нәпақа тауып жүрген жандар артық салмақ үшін келген қомақты қаражатқа келіспейді. Себебі, белгіленген тоннадан асып кеткенімізді растайтын нақты дәлелдер жоқ дейді. Сондықтан көпшілік құзырлы орган өкілдері хаттамаларды тексеріп, мәселенің ақ-қарасын ажыратуды талап етеді.
Жүк көлігімен отбасын асырап жүргендерді бірі – Самат ЖОЛЫМБАЕВ. Оған небәрі 2 аптаның ішінде артық салмақ үшін 4 миллион теңге айыппұл келіпті. Бірақ жігіт ағасы жолға қойылатын электронды таразы туралы ескерту белгісі де, артық салмақты өлшейтін таблоны көрмедім деп қынжылады.
– Кеше штраф алғандардың бірімін. Мына Бесікті жақтағы весыда бәріне барып шықты, весыда асфальт трещина берген одан кейін табло жоқ. Предупредаждающий знак жоқ. Ақылға қонымсыз штрафтар біздікі минимум кеп жатыр, жігіттерге 12-24 миллион кеп жатыр, – дейді жүргізуші Самат Жолымбаев.
Самат сияқты жүргізушілер көп. Шақшадай бастары шарадай болған азаматтар құзырлы орган өкілдері артық салмақ тіркелгенін растайтын бейнежазба мен нақты дәлелдер көрсетсін деп отыр. Өйткені, миллиондаған айыппұлды қысқа мерзімде төлеу мүмкін емес дейді.
– Әрқайсымызға 10-12 миллионнан 55 миллионға дейін штраф келіп тұр. Штрафты 10-15 күнде жинайды да бір береді еще оны төлеуге 6 күн уақыт береді. 6 күнде 12 миллион ең азы кемінде 13 миллион төлеп болу ол шопырға былай қарағанда алты күнде төлеу мүмкін емес. Бізге дәлелдеме весыны көрсетсе екен дейміз, – дейді жүргізуші Иса ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.
Ал көлік прокуратурасы бұл мәселе бойынша жан-жақты тексеріс жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
– Жүк көлік жүргізушілерін қабылдадым. Олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап арыз алдық. Қазіргі уақытта көрсетілген уәждердің бәрін тексереміз. Оған өкілетті органдарға бәріне құқықтық баға беретін боламыз. Кейін оларға заңды белгіленген мерзімде жауабын береміз, – дейді Атырау өңірлік көлік прокуроры Есболат ЕДІЛБАЕВ.
Бұдан бөлек, жүргізушілер кей хаттамада жүк көліктің мемлекеттік нөмірі де көрсетілмеген деп күйінеді. Олар фотосурет арқылы нақты қай машинаға әкімшілік жауапкершілік тағайындалғанын анықтау мүмкін емес дейді. Сондықтан заң бұзушылық нақты дәлелдермен расталған жағдайда ғана тиісті шешім қабылдануын сұрайды.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
19.11.2026,
10:30
20.11.2026,
18:00
20.11.2026,
12:00
20.11.2026,
16:00
21.11.2026,
14:35