Қайтейік енді
11.07.2026,
в 14:00
221
Министрлік зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда болатынын айтты, деп хабарлайды Казинформ.
Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 2003 жылдан бері қолданылып келген зейнетақы жинақтары бойынша мемлекеттік кепілдікті алып тастауға қатысты норма кеңінен талқыланып жатыр. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсініктеме берді.
— Тарихи тұрғыдан алғанда, мемлекеттік кепілдік институты азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялау стратегиясына дербес ықпал ету мүмкіндігі болмаған кезеңде енгізілді. Мемлекет инвестициялық саясатты айқындап, салымшылардың өз қаражатын басқару құқығын шектегендіктен, нақты инвестициялық табыстылық пен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтеу жөніндегі міндеттемені өз мойнына алған болатын, — делінген министрлік хабарламасында.
Қазіргі таңда салымшыларға инвестициялық басқарушы компанияны және инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау құқығы берілгендіктен, мемлекеттік кепілдіктің бастапқы құқықтық әрі экономикалық негіздемесі өзектілігін жоғалтады.
— Басқарушыны өз қалауымен таңдаған салымшы күтілетін табыстылықты, тәуекелдерді және активтерді басқару шарттарын өзі бағалап, инвестициялық шешімді дербес қабылдайды. Мұндай жағдайда салымшының өзі қабылдаған инвестициялық шешімдердің нәтижесі үшін мемлекетке өтемақы төлеу міндетін жүктеу мемлекеттік ресурстарды әділ пайдалану қағидаттарына сәйкес келмейді.
Сонымен қатар мемлекеттік кепілдік біржолғы өтемақы сипатында берілетінін және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне әсер етпейтінін ескерген жөн. Сондықтан аталған кепілдіктің сақталуы зейнетақымен қамсыздандырудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз ететін негізгі фактор болып табылмайды, — делінген хабарламада.
Министрлік зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда болатынын айтты.
— Сонымен бірге ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты жауапкершіліктен бас тартатынын білдірмейді. Зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда болады, — делінген хабарламада.
Фото: Freepik.
ДЕЛИТЕСЬ СВОИМ МНЕНИЕМ И ОБСУЖДАЙТЕ СТАТЬЮ НА НАШЕМ КАНАЛЕ В TELEGRAM!
Реклама
05.07.2026,
12:00
07.07.2026,
09:00
07.07.2026,
13:30
08.07.2026,
09:00
Реклама
Реклама