Қайтейік енді
16.07.2026,
в 15:00
572
Елдегі алғашқы Жасанды интеллект университеті жұмысын бастамай тұрып-ақ дауға қалды. Колледж түлектері Qazaq AI Research университеті уәде еткен арнайы оқу бағдарламасына мемлекеттік грантқа құжат тапсыра алмай отыр, деп хабарлайды 24.kz.
Бір ай бойы дәл осы жоғары оқу орнына түсуге дайындалған жастар, қабылдау басталған күні мұндай мүмкіндіктің енді қарастырылмайтынын білген.
Қыркүйекте жұмысын бастауы тиіс алғашқы Жасанды интеллект университеті құжат қабылдаудың бірінші күні-ақ дауға қалды. Бұған дейін университет мектеп түлектеріне үш жылдық, ал колледж аяқтағандар үшін 2,5 жылдық оқу бағдарламасына мемлекеттік гранттың қолжетімділігін жарнамалаған еді. Ал қазір оның мүмкін еместігін айтады. Оқу орны тек 5 пән бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған және толық оқу мерзіміне түсетін талапкерлер ғана грант конкурсына қатыса алады деп отыр.
– QAIRU университетіне түсуге ниеттенгенмін. Өйткені Президент тапсырмасы бойынша жаңа университет деген соң, бізді қызықтырды, біздің болашағымыз деп түскім келген. Бірақ 13 шілдеде бізге жаңалық келді, яғни біз түсе алмаймыз, колледж түлектеріне грант бөлінген жоқ деп айтты. Алайда барлық ресми ақпаратта жазылған, 35 балдан жоғары алып, емтихан өтсеңіздер, тапсыра аласыздар деп, – дейді колледж түлегі Олжас БАЛАБЕК.
– Алданып тұрған адамдар болып тұрмыз. Колледж түлектерін біраз уақытқа дейін үміттендірді. Қажетті құжаттарын да, талаптарын да айтқан болатын. Біз соған үміттеніп алданып қалдық, – дейді колледж түлегі Ерасыл БЕЙСЕМБАЙ.
Qazaq AI Research University өз шешімін алғаш қабылдау науқанын өткізіп жатқанымен байланыстырады. Сондай-ақ әзірге қысқартылған емес, тек толық форматтағы оқу бағдарламасына басымдық берілгенін мәлімдейді.
– Санға емес, сапаға жұмыс істегенді жөн көрдік. Әр жоғары оқу орны білім беру бағдарламалары мен қабылдау талаптары секілді шешімдерді дербес айқындайды. Біз колледж түлектерінің мемлекеттік грант конкурсына қатысу құқығы шектелмейтінін атап өткіміз келеді. Олар еліміздің өзге университеттерінің қысқартылған оқу бағдарламасына құжат тапсыра алады. Ал нақты біздің университетімізде білім алғысы келетіндер толық оқу мерзімі бойынша ақылы негізде оқуға түсе алады. Оның құны 2,5 миллион теңге, – дейді Qazaq AI Research University бірінші проректоры Серік ӨМІРБАЕВ.
Университеттің қабылдаған шешімімен келіспеген колледж түлектері Ғылым және жоғары білім министрлігіне e-Otinish арқылы жүгінді. Жастар жауапты ведомстводан мәселенің шешімін қарастырып, талапкерлердің құқығын қорғауды сұрайды.
Фото: the-tech.kz.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
14.07.2026,
18:00
16.07.2026,
12:00
12.07.2026,
12:00
15.07.2026,
16:00
13.07.2026,
09:00