Әділет жоқ. 120 балл жинаған түлектерге грант бұйырмай қалды

Қайтейік енді

13.08.2026,

  в 13:30

217

120 балл алса да мемлекеттік грантқа іліне алмаған түлектердің ата-аналары көмек сұрайды

Жетісу облысында ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектердің ата-аналары Ғылым және жоғары білім министрлігінен көмек сұрап отыр. Себебі, олар балаларымыз 120 балл алса да мемлекеттік грантқа іліне алмады деп ашынады. Тегін оқудан қағылғандар қатарында «Алтын белгі» иегерлері де бар екен, деп хабарлайды Информбюро 31.

Жетісулық талапкер Жансая ШАМУ мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, ҰБТ-дан 120 балл алған. Сынақтың нәтижесін көріп қуанған қыз тегін оқитынына сенімді болыпты. Шет тілі бағытын таңдаған түлек бес жоғары оқу орнына өтініш тастағанымен, неге екені белгісіз, бірде біріне грант бұйырмапты.

– Мен көпбалалы анамын. Қызымның мектептегі нәтижелері өте жақсы. ҰБТ-дан 120 балл жинадық. «Алтын белгі» де бар. Бес университетті таңдадық. Сондықтан грантқа өтеміз деп ойладық. Бірақ нәтиже шыққанда ешқайсысына түспегеніміз белгілі болды. Сонда жоғары балл алып тұрып, ақылы оқимыз ба? Әділетсіз ғой, – дейді Елена ХОХЛОВА, Балпық би ауылының тұрғыны.

Жетісу облысында Жансаядан бөлек жоғары баллмен жоғарғы оқу орнынан мемлекеттік грант ала алмаған оннан аса талапкер бар. Барлығы мектепті үздік оқып, сынақта жақсы нәтиже көрсеткен. Ата-аналар грантқа ілігу үшін жоғары баллдан басқа қандай талап болуы мүмкін екенін білмей дал.

– Балам ағылшын тілінен 40-тан 37 балл алды. Ағылшын деңгейі өте жоғары. ҰБТ-дан 125 балл алды. Осындай нәтижемен грантқа түспегені таңқалдырады? Сонда не істеуі керек? Университеттердің іріктеу талабы да түсініксіз. Үздік түлек керек қой, кез-келген оқу орнына, – дейді Александр БЕЛОВ, Талдықорған қаласының тұрғыны.

Жауапты министрліктің өкілдері мемлекеттік грант ала алмаған түлектердің дені шет тілі мен медицина бағытын таңдаған деп отыр. Бұл мамандықтарға талап қатал. Грант саны шектеулі дейді. Сондықтан ҰБТ-дан ең жоғары баллды жинаған талапкердің өзі де тегін білімге қол жеткізе алмауы мүмкін.

– Ең алдымен, ҰБТ-ның белгіленген шекті баллы тек конкурсқа қатысуға рұқсат етудің шарты екенін бірден ескеру қажет. Бұл ретте нақты өтпелі балл тікелей конкурс кезінде қалыптасады және гранттар саны мен қатысушылардың нәтижелеріне байланысты болады. Егер бірнеше талапкердің балы бірдей болса, заңда көрсетілген басымдықтар ескеріледі. Алдымен «Алтын белгі» иегерлеріне, кейін басқа да белгіленген артықшылықтарға ие талапкерлерге басымдық беріледі, – деді Жанна ЕСЕНБАЕВА, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары.

Жоғары балл жинап, тегін оқудан қағылған ұл-қыздардың ата-аналары ақылы оқудың құны да оңайға соқпайды дейді. Ең азы 750 мың болса, танымал оқу орындарында білім алу жылына 1 миллион теңгеден асады екен. Дегенмен грант бұйырмаған талапкерлер үшін мүмкіндік әлі де бар. Олар қазақстандық жоғары оқу орындары ұсынып отырған екі мыңнан астам жеке грантқа өтініш бере алады дейді жауаптылар.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!