Қайтейік енді
19.08.2026,
в 18:00
293
Алматыда тұрғындарды тіркеу тәртібі өзгермек. Әкімдік әзірлеген заң жобасына сәйкес, енді бір адамға тұрғын үйдің кемінде 15 шаршы метрі тиесілі болуы тиіс. Яғни, бұдан былай тар пәтерге ондаған, жүздеген адамды тіркеуге, тіпті уақытша тіркеуге де жол берілмеуі мүмкін, деп хабарлайды Информбюро 31.
Алматының әкімдігі ішкі көші-қон процесін реттеп, тұрғындардың жалған тіркеуге тұруына жол бермеуге шындап кіріскелі отыр. Ол үшін тиісті заңға өзгерістер әзірлеп, қоғамдық талқылауға да шығарыпты. Құжатқа сәйкес, бұдан былай азаматтарды тұрғын үйдің аумағына қарай тіркеу тәртібі енгізілуі мүмкін. Осылайша, бір адамға кемінде 15 шаршы метрден есептелмек. Мысалы, баспананың көлемі 60 квадрат болса, оған тек 4 адам ғана тіркеле алмақ. Бұл бастаманы атқарушы орган «резеңке пәтерлермен» күрес деп түсіндірді.
«Бұл ретте халықты мемлекеттік қызмет ретінде тіркеу тәртібі өзгермейді. Тіркеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Осылайша, жоба ішкі көші-қонды шектеуге емес, тіркеу есебінің дұрыстығын қамтамасыз етуге және жалған тіркеудің, яғни «резеңке пәтерлердің» алдын алуға бағытталған», деп түсіндіреді Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметі.
Жылжымайтын мүлік сарапшысы жалған тіркеумен күрескенді құптайды. Бірақ тұрғын санын шаршы метрге қарай шектеу – баланы мектепке беру, тұрғын үй кезегіне тұру, мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігінен кейбір азаматты айыру мүмкін дейді.
– Адам көп, бірақ үй аз. Астанаға қарағанда Алматыдағы үй салу қарқыны 2 есе төмен. Енді шектеу қоятын болса 8-10 адамға дейін жасауға болады деп ойлаймын. Бірақ 3-4 адам ғана, мысалы бір бөлмелі пәтерге 3-4 тұрғын ғана тіркелетіндей істеуге болмайды, – дейді Жеңіс ШӘРІПҰЛЫ, жылжымайтын мүлік сарапшысы.
Әкімдіктің хабарлауынша, шектеу үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қолданылмайды.
Айта кетсек, бұған дейін Алматының Наурызбай ауданында бір бөлмелі пәтерде 990 адамның тіркелгені анықталған еді.
Фото: Алматы әкімдігі.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
14.08.2026,
10:30
17.08.2026,
10:30
18.08.2026,
13:30
16.08.2026,
17:29