Ауыл тұрғындары құлағалы тұрған мектепке балаларын жіберуден бас тартты

Қайтейік енді

26.08.2026,

  в 18:00

77

Жарты ғасыр бұрын салынған мектептің әбден тозығы жетіп тұр

Атырау облысы Алға ауылының тұрғындары балаларын ескі мектепке жіберуден бас тартты, деп хабарлайды Информбюро 31.

Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар ұзақ жылдан бері шешілмеген мәселені тағы көтеріп, шу шығарды. Себебі, тозығы жеткен білім ұясында ұл-қыздардың сапалы білім алуына ешқандай жағдай жасалмаған деп отыр.

Ғимараттың құлауға шақ тұрғаны аздай, кабинет жетіспейді. Апатты мектепте заманауи технология мен жасанды интеллект туралы айтудың өзі ұят.

Жарты ғасыр бұрын салынған мектептің әбден тозығы жеткен. Қабырғалары қақырап, сылақтары түсіп жатыр. Төбесі де құлауға шақ тұр. Едендері де ескірген.

Ол аздай, білім ошағында асхана, спорт зал, арнайы пәндерді оқытатын кабинет те жоқ.

Ал бала саны көп. Орын жетіспейді. Қыста суық, жазда ыстық ғимаратта ұл-қыздардың толыққанды білім алуына жағдай жасалмаған дейді ата-аналар.

– Актовый залды класс қылып жіберді. Раздевалка, тренировка класс қылып соның ішінде сыйыстырып отыр. Екі, үш класты біріктіріп бір балаға арналған орын тапшы. Канализациялары дұрыс жұмыс жасамайды. Ыстық жерде отырса сабақты тыңдамайды. Желпініп, сүртініп отырады. Баланың психологиясына да әсер етеді, – дейді Алға ауылының тұрғыны Ғабиден СМАҒҰЛ.

Алға ауылының халқы апатты мектеп кез келген сәтте опырылып, ортасына түсуі мүмкін дейді. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды.

– 320 орындық мектепте 500 жуық бала оқып жатыр. Сыймайды. Өте қиын жағдай. Ремонтпен істеп келе жатыр. Бірақ қазіргі заманға сай кабинеттер, ондайлар жоқ. Спорт зал тар, акт зал жоқ. Еңбек кабинеті, технология кабинеттері болуы керек. Ол да жоқ, – дейді Алға ауылының тұрғыны Ғабиден ӘБДЕШОВ.

Шенеуніктер барлық жағдайды біледі. Жасырмайды. Құрылыс басқармасына жаңа мектеп салуға ұсыныс та беріпті.

– Баланың сыйымдылығы қынжылтып тұр. Мектеп тар. Кабинеттер стандарттарға келмей жатыр. Сол бойынша біздер сұраныс бердік. Құрылыс басқармасына салалық қорытынды дайындап, 300 орындық жаңа мектеп салуға келесі жылға жоба жасақтап жатыр. Биылғы еншіде жоқ, – дейді Расул МУСИН, Алға ауылдық округінің әкімі.

Елдімекен тұрғындары бұл мәселені тікелей облыс әкіміне жеткізбек. Себебі, жергілікті шенеуніктердің сөзіне жергілікті жұрт сенбейді.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!