«Ұлы далаң» қараң қалды. Қазақты қала құртып тынады

Не дейді-ей

20.08.2026,

  в 18:00

212

«Өлетін бала молаға қашады» деуші еді…

Қазақ қалаға қашып жатыр. Астанада 2050 жылға қарай 4 млн-нан астам адам, Алматыда 3,6 млн, Шымкентте 2 млн-нан астам адам құмырсқадай қаптайтын болады, деп болжап отыр статистиканың мамандары.

Қаптаған небір «госпрограммаларға» қарамастан, Қазақстан халқы жаппай қалаға қоныстануын қоймай жатыр. Ауыл мен ондағы инфрақұрылымның қаңырап, қараусыз қалғаны мүдделі министрліктердің «өңірлерді дамытуға» деп миллиардтарды жоқ қылуына заңды себеп болып отыр.

Соңғы 15-20 жылда Қазақстанның ешбір үкіметі азаматтарды ауылдық жерлерде ұстай алмады. «Ауылды дамытамыз» деп түрлі бағдарламалар ойлап тапқан сайын адамдар ауылдан одан бетер безуде.

«Агробизнес-2020», «Дипломмен ауылға», «Ауыл – Ел бесігі», «Ауыл аманаты» сияқты аты дардай жобалар пайда болғанымен, ауылда әлі күнге дейін жөні түзу жұмыс жоқ, сол баяғы дәрігер жетіспейді.

Мемлекеттік саясаттың парадоксы мынада: шенеуніктер ауылға жаны ашығандай күй танытқан болып, іс жүзінде халықтың ауылдан қалаға көшуін өздері ынталандырады. Мәселен, Demographic Futures Survey 2026 дөңгелек үстелінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым САҒЫНБАЕВА осыны тура айтты. Елімізде урбанизация деңгейін көтеру саясаты қолға алынды. 2050 жылы халықтың 70 пайызы қалаларда тұруы тиіс деп жоспарланғаны содан.

Сөйтсек, оның сөзінше, урбанизация бала тууды төмендетеді. Қиқулаған қала жағдайында көп баланы бағып-қағу ақшалай да, басқалай да мүмкін емес. Ендеше алдағы уақытта тура 90-шы жылдардағыдай бір әйелге 1,8 баладан келетін туу көрсеткіші көз алдымызға қайтып келуі ғажап емес.

Ендеше халықты қазірден бастап ауылға қайтара бастаудың жолы бар ма? Бір-екі варианты бар сияқты:

  • ауылдық жерлердегі IT-мамандар, фрилансерлер мен технологиялық стартаптарды салық атаулыдан толық босатып жіберу.
  • Ауыл тұрғындарын жұмысқа алам дейтіндерге тегін жер беріп, спутникті интернет пен жеңілдікпен электр жарығын беруге болады.
  • Күрек пен білек күшіне әлі қарап отырған ауыл шаруашылығын автоматтандырылған кешендер, дрон-фермаларға көшіруге болар еді.

Осы кезде оянып кетіппіз. Түсімізге не кірмейді десеңізші…

Дереккөз: «Всемирное шежіре» дейтін Telegram-канал.

Фото: wikimedia.org/wiki/User:Coopypasted.