Шымкентте мектептің терезесін жуған мұғалім құлап, өлім аузынан қалды

Қайтейік енді

18.09.2026,

  в 13:30

112

Мектеп директоры ұстаздарға терезе жуыңдар деген тапсырма бергенін жасырмайды

Шымкентте мектеп мұғалімі кабинеттің терезесін жуамын деп өлім аузынан қалды. Орындыққа шығып, іске кіріскелі жатқан биология пәнінің ұстазы оңбай құлаған, деп хабарлайды Информбюро 31.

Жарақат алып, ауруханада емделіп шыққан педагог заңсыз тапсырма берген білім ошағының басшылығы жазалансын деп отыр. Себебі, директор мен орынбасары қит етсе ұстаздарды қара жұмысқа салатын көрінеді.

Мектеп мұғалімі Нұргүл ЖАҢҒЫЛБАЕВАНЫҢ оңбай еденге құлаған сәті білім ұясының бейнекамерасына түсіпті. Кабинеттің терезесін жуамын деп жарақат алған биология пәнінің педагогы сол сәтте қозғала алмай ұзақ жатқанын айтады. Басын көтеруге шамасы келмеген ұстаз ақыры жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізіліпті.

– Скорый тастап кетпейміз деп алып кетті больницаға. Больницаға барған ем, анализ алды, көрді. Сосын оларда сіз жатпасаңыз болмайды деп мені жатқызып қойды. Бастан жеңіл жарақат, сотресение алғанмын. Одан кейін белдегі копчик дейді ғой, сүйегімді қатты ауыртып алғанмын, – дейді биология пәнінің мұғалімі Нұргүл Жаңғылбаева.

Бұл жағдай тамыз айының соңында Мағжан Жұмабаев атындағы №39 орта мектепте болған. Бірақ мұғалімдерді қара жұмысқа жеккен басшылыққа ешқандай шара қолданылмады дейді шағымданушы. Әділдікті талап еткен ұстаздың өзі қысымға ұшырағанын жеткізді.

– Менің талабым заң жүзінде жауап берсе деймін. Директор, маған талап еткен завучтар заң жүзінде жауап берсе деймін. Өйткені, менің еңбек шартымда кабинетті жуу, кабинетті краскілеу менің еңбек шартыма кірмейді, – дейді Нұргүл Жаңғылбаева.

Мектеп директоры ұстаздарға терезе жуыңдар деген тапсырманы бергенін жасырмайды. Білім ошағының басшысы бірақ бұл жұмыстарға мұғалімдерді мәжбүрлемейміз деп сендірді.

– Кіші қызметкерлер мектептің тазалығына қарайды. Бірақ кабинеттің ішіндегі подоконниктер, терезелер олар жуылмайды. Оны біз оқушыға жудыра алмаймыз, техничкаға жудыра алмаймыз. Сондықтан біз бүйтіп айтамыз. Оқушы келген кезде кабинет оқу процесіне дайын тұруы керек деп, – дейді Бауыржан ҚАРАБОТА, М.Жұмабаев атындағы №39 орта мектептің директоры.

Ал ұзақ жылдық тәжірибесі бар ұстаз Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ елімізде педагог мәртебесі туралы заңды елеп жатқан ешкім жоқ деп күйінеді.

– Қазір заң шығардық үйтіп-бүйтіп. Енді заңды түсінетін басшымен заңды қолданатын мұғалім іздеп жүрміз. Өкінішке орай, бұл құқықтық сауаттылықтың төменділігінен, – дейді зейнеткер ұстаз Өмір Шыныбекұлы.

Бұл жағдайға қатысты қалалық білім басқармасына да хабарластық. Алайда, жауаптылар сұхбат беруге құлықсыз. Ал, әділдік талап еткен биология пәнінің мұғалімі құзырлы органдарға шағым түсіруді жоспарлап отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!