Халыққа жер сатқан бір әкімнің былығы ашылып қалды

Қайтейік енді

04.11.2026,

  в 12:00

186

Әкімнің заңсыз шешімі енді тұрғындарды үй-күйсіз қалдырды

Жамбыл облысында әкімдік жер телімдерін бәліш сатқандай бұқараға бәсірелеп жіберген. Тегін емес теңгесіне. Бұл Байзақ ауданы әкімінің қолында билігі барда басып қалудың әрекеті болып шықты, деп хабарлайды Информбюро 31.

Мұндай масқаралықты жер ресурстарын басқару департаменті анықтапты.

Екі ортада жер алып, алды тірнектеп үй тұрғызып алған жұрттың далада қалар түрі бар.

Сарыкемерліктердің облыс әкімдігі алдына сабылып келуінің себебі біреу. Әкімдіктің өзі берген жері үш жылдан соң заңсыз болып шыққан. Бұл уақытта жұрт үй салып, оны тіркеп, тіпті көшеге инфрақұрылым да жүргізіліп жайғасқан тұста, сот шешімімен жері де, баспанасы да бұғатталып қалыпты.

– Бәрі құжатпен дұрыс алған кезде. Не үшін онда сатты? Дұрыс емес болса. Не үшін арестке қойып тастады? Рұқсат жоқ болса алдын қою керек еді. Сатқызбау керек еді, – дейді Сарыкемер ауылының тұрғыны Әлия БАЙМҰХАНБЕТОВА.

Осылайша тірнектеп жиғанымыз текке кетті деген тұрғындар аймақ басшысынан әділдік іздеп келді. Салған үйі де, алған жері де шектеуге қойылған бұқара босып кетуден басқа амал жоқ дейді.

– Қолымызда госакт, купли—продаж бар. Әкімнің шешімі бар, Сарыкемер ауыл әкімінің шешімі. Жер қатынастарының рұқсаты және архитектураның рұқсаты үйді қабылдап алу актісі де дайын. 26 жылы үй құрылысын толық бітіргеннен кейін Жамбыл облысы жер ресурстары департаменті сотқа арыз талап берген. Біз заңды, ресми мемлекеттік құжаттары болғаннан кейін сатып алдық. Бала-шағамызбен қайда барамыз, – дейді Сарыкемер ауылының тағы бір тұрғыны Жәнібек ҰЗАҚБАЕВ.

Бірақ қайда барамыз деген көптің сұрағына әзір ешкім бағыт бере алмайды. Өйткені бас-аяғы 30 га жерді 8 сотықтан бөліп, саудаға шығарған Сарыкемер ауыл әкімінің шешімі шикі болған. Оны жер мәселесін зерделеген арнайы департамент анықтапты.

– Жер заңнамаларының нормасы бұзылған. Яғни жер бастапқыда нысаналы мақсаты заңсыз ауысқан. Заңсыз ауысу салдарынан жер учаскесі бөлшектеніп, сатылымға шыққан. Бұл жерде біздің талап-арызда да көрсеткен басты мәселеміз, ол заңсыз шыққан шешімнің күшін жою, – дейді Арсен БАҚБЕРГЕН, Жамбыл облысы жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы.

Ал Байзақ ауданы басшылары бұл бізге дейінгі әкімнің әрекеті дейді. Ал департаментпен соттасқан әкімдік жеңілген күнде халық аппелацияға беруге бел буып отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!