Қайтейік енді
22.09.2026,
в 15:00
106
Елордада бір ай бұрын құрылыс кранынан құлаған келіншектің жағдайы қазір мүшкіл. Аяғынан айырылған жалғызбасты ана күнделікті дәрі-дәрмегі мен ипотекасын төлей алмай, қиын жағдайға тап болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Жауапты құрылыс компаниясы тек үш айлық жалақысын төлеумен шектелген.
31 тамыз күні Астанада құрылыс краны құлаған. Кабина ішіндегі үш адамның бірі – слесарь оқиға орнында бірден жантәсілім еткен. Бірі үйіне жіберілсе, апаттан аман қалған Ақмарал ҚАРАБАЛИЕВАНЫҢ жағдайы қазір өте ауыр. Ол ауруханада жатыр, бір аяғынан айрылған. Оған бір айда бес бірдей ота жасалыпты.
Өлім мен өмір ортасында күресіп жатқан Ақмарал – жалғызбасты ана. Үш перзенті шешесін шырылдап үйде күтіп отыр.
Айлығы сәл дұрыстау болған соң, қиын болса да, осы жұмысқа кіріп, жан бағып жүрдім, дейді келіншек.
– Ауырғанды басатын дәрілер көмектеспейді. Кейде жаныма қатты батқанда, Алла—тағала мені алып кетсе деп те тілеймін. Мен әу бастан айттым, кран әлсіз бекітілген деп. Алайда басшылық: «Жоқ, бар жұмысты бүгін бітіріп тастауымыз керек» деп, маған жекіді. Сөйтіп бекітілмеген кранға үшеуіміз міндік. Техника салмағымызды көтере алмады, – дейді кран жүргізушісі Ақмарал Қарабалиева.
Биіктен жерге сұлқ етіп құлаған Ақмаралдың есін жиып, тілге келгеніне бірнеше тәуліктің жүзі болған. Құрылыс компаниясы тек үш айлық жалақысын төлеумен шектелген. Айтуынша, еңбек ету қабілетінен айрылған Ақмаралға басшылығы көмек қолын созу, жәрдемақы төлеу мәселесінен қашқақтап, тіпті телефон алудан қалған. Өзегін өртеп бара жатқаны да – шай деспей бірге жұмыс істеген ұжымдастары да ат-тонын ала қашуда.
Аяғынан айырылып, түрлі дене жарақаты мен бүйрегі зақымдалған Ақмарал Қарабалиева өмірінің соңына дейін құрылыс компаниясынан өтемақы алуды талап етеді.
Ақтөбеден қоныс аударған бұл отбасының 19 миллион теңге ипотекасының төлемі де бір бүйірден қысып барады.
Еңбек министрлігі заң келіншек жақта дейді. Себебі, екі ортада заңды еңбек шарты болған.
– Жұмыскердің заңды түрде еңбек шарты бар және сақтандыру шарты бар. Еңбек кодексіндегі көзделген төлемдер төленеді. Ипотека төлеу мәселесі бойынша ол жұмыскер мен жұмыс беруші екеуі келіседі. Себебі еңбек заңнамасында ондай төлемдер көзделмеген, – дейді Рустам ЖАНДОСОВ, Астана қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы.
Қазір министрлік жанынан арнайы комиссия құрылыпты. Дәрігерлердің арнайы тобы Ақмаралдың ауруханадан шығып, мүгедектігін рәсімдегеннен кейін, еңбек қабілетін қанша пайызға жоғалтқанын пайыз өлшемін шегелеп айтады. Содан кейін ғана алып жүрген жалақысының бір бөлігі ай сайынғы жәрдемақы ретінде берілетіні шешіледі.
Ал оған дейін үш баланың анасы орта жолда аға-көкелер араласып, тиісті төлемдерден қағылмасам екен деп Құдайдан тілеп отыр.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
16.09.2026,
12:00
21.09.2026,
10:30
21.09.2026,
13:30