Квартирант ұстау үшін пәтер сатып алғыштар көбейді

Қайтейік енді

14.05.2026,

  в 13:30

215

Қазақстанда «жылжымайтын мүлік жинаумен» айналысып жүргендерді салықпен сабасына түсіру ұсынылуда

«Отбасы банкі» басшысы Ләззат ИБРАГИМОВА бұл шара қызып кеткен нарықты «салқындатып», баспана бағасын төмендетуі мүмкін екенін айтыпты. Оның сөзінше, жалға беру немесе алып-сату мақсатымен пәтер сатып алатындарға жоғары салық салынуы керек. Алайда сарапшылар мұның да тәуекелді тұстары барын ескертеді, деп хабарлайды Информбюро 31.

Қазақстандағы ең сенімді инвестиция – Алматы не Астанадан үй алып қою. Сондықтан көпшілік сөйтуге көшіп кеткелі қашан. Нарықты қыздырып, бағаның өсуіне осындай алыпсатарлық әсер етіп отырғанын жақында «Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мойындады. Сол себепті ол «үй алғыш қуларды» салықпен сабаға түсіруді ұсынды.

Ал сарапшылардың пікірінше, әр жағдайға жекелей қарау қажет.

Бір басына 2-3 пәтер алып алғандар бар. Олар енді жалға беріп отырған шығар, біреулер туыстарын тұрғызып қояды. Болашақта балаларына қалдыратын мұра деп қарастыратындар бар. Жөн идея, қолдаймыз. Бірақ салық заңнамасына сәйкес, нақты тізімдерді, салық шектерін, жылжымайтын мүліктің құны мен оның кейінгі өсімін нақты анықтау қажет, – дейді Диляра СЕЙТНУРОВА, Qazaq Expert Club тәуелсіз сарапшысы.

Жаңа Салық кодексі жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелері үшін жоғары салық қарастырады. Бұдан бөлек, биылдан бастап Қазақстанда меншік иелігінде екі жылдан аз уақыт болған пәтерді сату кезінде құн өсімінен табыс салығы төленеді. Алайда көптеген сатушылар салық көлемін азайтуға тырысады. Сол үшін ақшаның бір бөлігін қолма-қол алып, сатып алу-сату келісімшартында төмендетілген бағаны көрсетеді.

Егер біз бағаның тым қатты өспеуін қаласақ және әкімшілік әдістерді қолданғымыз келсе, онда пәтер сатып алу кезінде қолма-қол ақшаны пайдалануға тыйым салуымыз керек. Сонда адамдар шынайы құнын көрсетуге мәжбүр болады, соның нәтижесінде нарық белгілі бір деңгейде басылып, салқындауы мүмкін, – дейді салық сарапшысы Айдар МАСАТБАЕВ.

Расында, табыс көру мақсатында Қазақстандағы ірі қалалардан жаппай пәтер сатып алу үрдісі кең тарап барады. Бір және екі бөлмелі пәтерлерге деген сұмдық сұраныс соны байқатып отыр.

Бір және екі бөлмелі пәтерлер екі есе көп сатылады. Бұл немен байланысты? Бір бөлмелі пәтерлер жалға беру үшін сатып алынады, себебі сұраныс жоғары. Немесе алғашқы баспана ретінде алынады, өйткені бағасы арзанырақ, – дейді Нина ЛУКЬЯНЕНКО, Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі.

Сонымен қатар, сарапшылар бай қазақстандықтардың «артық» пәтерлеріне қосымша салық енгізу – пәтер жалдау нарығына ауыр соққы боп тиюі мүмкін дейді. Бұл аренда ақысының қымбаттауына әкеледі, өйткені меншік иелері әдетте қосымша шығындарды жалға алушыларға жүктейді.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!