Алматыда камазистер көтеріліске шықты

Қайтейік енді

31.10.2026,

  в 12:00

343

Жүк көліктерінің жүргізушілері штрафтардан шаршай бастады

Үй салып жатқан алматылықтар топырақ пен қиыршық тас, тіпті құмсыз қалуы мүмкін. Өйткені құрылыс материалдарын тасып, нәпақасын тауып жүрген ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері жұмысын біржола тоқтатқылары келеді. Бұған қолданыстағы заң талаптары себеп, деп хабарлайды Информбюро 31.

Миллиондаған теңге айыппұл арқалаудан қажыған жүргізушілер салмақ өлшеу жүйесі мен жүк тасымалына қатысты шектеулерді қайта қарауды талап етеді. Бұлар – құрылысқа құм жеткізіп күн көрген, тас тасып тіршілік еткен жүк көлігінің иелері мен жүргізушілері.

Облыстағы жолға салмақ өлшеуіштер қойылғалы құтымыз қашты деп отыр. Өйткені, қолданыстағы заңға сәйкес үш осьті КамАЗға небәрі 10 тонна ғана жүк артуға болады дейді. Ал одан ассаң, қомақты айыппұл арқалайсың.

– ҚазАвтожол жол салған кезде мен асфальт апардым Алматыдан Сарыөзекке. Весаға түсіп қалдым. 1 миллион 887 мың теңге штраф келді. Бізге бір осьқа положено 8 тонна. Ол совет үкіметінде шыққан заң. Бізде болу керек 14 тонна минимум. Сіз де үй салсаңыз мен сізге бір рейспен әкеп берсем сникерсті, сізге тиімді. Маған доставканы төлеп, 4-5 рейспен алып келген дұрыс па сізге? Төбеде отырған үлкендер неге түсінбейді соны? Алатау қаласын саламыз деп жатыр, немен салады оны, – дейді Алматы облысының тұрғыны Ринад КҮСЕМБЕКОВ.

Мәселен, бұрын 70 мың теңгеге бір рейспен жеткізген жүктің сол көлемін тасып шығу үшін енді үш-төрт мәрте қатынауға тура келеді. Ал әр сапардың өз шығыны бар. Жанармайы, жол ақысы, жүргізушінің еңбекақысы. Сәйкесінше, құм мен тасқа тапсырыс берген тұрғын да, құрылыс компаниясы да бірнеше есе артық төлеуге мәжбүр болмақ. Бұл үйдің қымбаттауына түрткі болады дейді.

– Ауыр жүк көліктері жолды құртып жатыр дейді. Егер тек біз жолды құртып жатсақ, Алматы көшесіндегі Тимирязевта тек жеңіл көліктер мен автобус қана жүреді. Сол көше неге құрыған? Ортада колея болып кеткен. Сапа жоқ. Бірінші сапаға мән беру керек, – дейді Алматы облысының тұрғыны Мейірбек САҒЫНДЫҚ.

Ал министрлік жүк көліктеріне рұқсат етілген салмақ мөлшерін биыл арттырдық деп отыр. Айтуларынша, бұл шешім жан-жақты сараптамадан өтіп, тиісті мамандармен келісілген. Сондықтан шенеуніктер шектеуді тағы жеңілдетуге ниетті емес.

– Жеке бірлікке түсетін салмақтық көрсеткіштер егер бір шиналы болған жағдайда 10,5 тоннаға көтеріліп, ал екі шиналы болған жағдайда 11,5 тоннаға көтерілген болатын. Сонымен қатар қосарланған білікке 16 тоннадан, 18 тоннаға көтерілген болатын. ҚР жолға берілетін салмақтық көрсеткіштер халықаралық талаптарға да сәйкес келеді, – дейді Мейрамбек БАЗАРОВ, ҚР көлік министрлігі көліктік бақылау комитетінің бас сарапшысы.

Қолданыстағы бұл қағида тағы да қайта қаралмаса, КамАЗдарды қаңтарып, кәсіпті тоқтатамыз деп бекініп отыр жүргізушілер. Өйткені, қыруар айыппұл арқалап, құр шығынға батқанша жұмысқа шықпаған артық дейді.

Құрылысқа құм жетпей, тас тапшы болғанда ғана жауаптылар жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінер деп отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!