ҚазҰУ-да тағы шу. Он күнде екінші студент көз жұмды

Дау-дамай

16.11.2026,

  в 15:00

465

Университет әлі де сұрақтарға жауап бермей отыр

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде он күннің ішінде екі бірінші курс студенті қаза тапты. Алғашқы қайғылы жағдай 6 қарашада болса, екіншісі туралы 16 қарашада белгілі болды. Бірінші оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде өз-өзіне қол жұмсау нұсқасы тараса, екінші жағдайда студенттер арасындағы төбелес туралы ақпарат шықты. Алайда екі өлімнің де мән-жайына қатысты ресми түсініктеме әлі жоқ. Студенттер қалашығында не болып жатқанын анықтау үшін университетке барғанымызда сауалдарымызға жауап алу оңайға соқпады.

Екі аптада қыршыннан қиылған екі студент

Алғашқы қайғылы оқиға 6 қарашада болып, ол кезде студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарай бастады. Алайда университет мұны растаған жоқ. Тергеу мен сараптаманың қорытындысын күту қажет деді.

Арада он күн өткенде ҚазҰУ-да тағы да бірінші курс студентінің қаза тапқаны белгілі болды. Ол – география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті.

Қақтығысқа не себеп болғаны және жас жігіттің қандай жағдайда көз жұмғаны әзірге ресми хабарланбады.

Ал әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сүйенсек, қайғылы оқиғаға төбелес себеп болған. Бірінші және екінші курс студенті арасындағы әлімжеттік кезінде екінші курс студенті демікпемен ауыратын бірінші курс студентіне соққы жасаған. Соққыдан ауруы асқынып, жас жігіт соның салдарынан қайтыс болған болуы мүмкін. Қазіргі оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Студенттер тілдесуге құлықсыз

ҚазҰУ студенттері оқиғадан қаншалықты хабардар екенін білу үшін ҚазҰУ-дың өзіне бардық.

Алдымен жатақханаға бас сұқтық. Ондағы қызметкерлер ештеңе білмейтінін айтты.

Одан кейін университет қалашығындағы студенттермен сөйлесуге тырыстық. Бірақ олар да тілдесуге құлық танытпады.

Сырт көзге университеттегі өмір қалыпты, студенттер келіп-кетіп, кампус аумағында өзгеріс байқалмайды.

6 қарашадағы журналистика факультетінің бірінші курс студентінің өлімінен кейін студенттер мен оқытушылар сөйлесуге құлықсыз болса, бұл жолы тіпті сұрақтың аяғын күтпей қашты.

Күдікті ұсталды: полиция не дейді?

Алматы қалалық Полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Алайда полиция әзірге оқиғаның егжей-тегжейін, ұсталған адамның кім екенін және жанжалдың мән-жайын жария етпей отыр:

«Аталған дерек бойынша Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта істі толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», деп қайырды.

Университет не дейді?

Жақында университеттің баспасөз хатшысы ауысқан болатын.

Баспасөз қызметінің жаңа өкілінен оқиғаға қатысты жеке пікір білдіріп, журналистердің сұрақтарына жауап беруін сұрадық. Алайда ол да тілдесуден бас тартты. Оның орнына WhatsApp арқылы жазбаша мәлімдеме жолдады.

Ол университеттің баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлап отырғанын және сол кезде сұрақтарға жауап берілетінін айтты. Алайда оның нақты қай күні өтетінін айтпады.

Ресми мәлімдемесінде университет қайтыс болған студенттің отбасына көңіл айтып, марқұмның жақындарына материалдық және моральдық қолдау көрсетілетінін хабарлады.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты ата-анасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жүргізіп жатыр. Университет жағдайды объективті қарастыруға жан-жақты қолдау көрсетуде. Университет басшылығы мен ұжымы тарапынан марқұмның отбасына қажетті материалдық және моральдық көмек көрсетіледі.

Осы ауыр қазаның қайғысына ортақтаса отырып, марқұмның отбасы мен жақындарының сезіміне құрметпен қарауға, сондай-ақ ресми түрде расталмаған ақпарат пен жалған мәліметтерді таратпауға шақырамыз».

Студенттердің қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Он күнде екі студенті қайтыс болған университеттің бір өкілі бір ауыз тілдесуге шықпады.

Университет басшылығына бірқатар сауал туындап отыр:

Университетте студенттердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Білім алушылар арасында жанжалдардың алдын алу үшін қандай профилактикалық жұмыстар жүргізіледі? Бұған дейін осындай жағдайларға қатысты шағымдар мен өтініштер түскен бе? Болған оқиғалардан кейін ҚазҰУ басшылығы қандай шаралар қабылдамақ?

Университет әзірге ресми мәлімдемемен шектеліп, баспасөз мәслихатын өткізетінін ғана айтты. Балалары Алматыға оқуға келіп, университет қалашығында тұратын ата-аналар үшін мұндай түсініктемелер жеткіліксіз.

ҚазҰУ даудан арылмайтын болды

Былтыр университеттің ректораты отырған ғимараттың 14-қабатынан екінші курстағы студент-қыз құлаған. Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

10 қарашада «Жас Алаш» газетінде Сансызбай НҰРБАБАНЫҢ ҚазҰУ ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ туралы «Жансейіт Түймебаев. «ДЕТОНАТОР» деген тақырыппен үлкен материалы жарияланды.

Мақала авторы университетке қатысты бірқатар даулы оқиғаларды тізбектеген. Оның ішінде Иорданиядан келген студенттердің оқу ақысын Excellent Consult жеке компаниясы арқылы төлеуге қатысты жанжал, студент қыздардың жеке және медициналық деректерінің таралып кетуі, журналистика факультетінің төрт оқытушысының жұмыстан босатылуы, ректораттың 14-қабатынан құлаған студент қыздың қаза болуы және басқа да оқиғалар бар.

Автор сондай-ақ университет әкімшілігінің осындай оқыс оқиғаларға қатысты реакциясына да тоқталған.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!