ҚазҰУ-де тағы бір қайғылы оқиға болды

Қайтейік енді

20.11.2026,

  в 20:00

118

ҚазҰУ студенттер қауіпсіздігін неге қамтамасыз ете алмай отыр?

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір төтенше жағдай. Бірінші курс студенті жатақханада өзіне жарақат салып, ауруханаға жеткізілді. Бұл – соңғы екі аптада ҚазҰУ-дың бірінші курс студенттеріне қатысты үшінші резонансты оқиға. Бұған дейін студенттік қалашықта екі студент көз жұмған.

Бір қызығы, университеттің баспасөз қызметі бұл жолғы оқиға туралы ақпаратты әуелі жоққа шығарды. Бірақ сол күні кешке Алматы қаласының Полиция департаменті оқиғаның болғанын растады.

ҚазҰУ баспасөз қызметі неге жасыруға тырысты, неге бірден ашық ақпарат бермеді?

Жатақханада не болды?

Оқиға 19 қараша күні таңертең ҚазҰУ жатақханаларының бірінде болған. Университеттің мәліметінше, механика-математика факультетінің бірінші курс студенті өзіне дене жарақатын салған. Қыз ауруханаға жеткізілген. Университет өкілдері жедел жәрдемді студенттің өзі шақырғанын айтады. Алайда басқа студенттердің сөзінше, медициналық көмекке жақын жерде болған қыздар жүгінген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

17 жастағы Аида Алматы облысынан келген және мемлекеттік грант негізінде оқиды. Оқытушылары оның сабақты жақсы оқитынын, сабақтан қалмайтынын айтқан. Қазір студенттің жағдайы тұрақты ал полиция болған оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Декан студенттің жағдайы туралы не айтты?

ҚазҰУ механика-математика факультетінің деканы Мадина Есімханқызы МАНСУРОВАНЫҢ айтуынша, 17 жастағы студенттің жағдайы тұрақты. Оның сөзінше, қыз сабағын жақсы оқиды, мектепті үздік бітірген және қазір университеттегі үздік студенттердің қатарында. Алайда декан оқиғаның нақты қалай болғанын және бірінші курс студентінің қандай жағдайда жарақат алғанын білмейтінін айтты.

«Ол сабақты жақсы оқиды. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген, қазір университетіміздің үздік студенттерінің қатарында. Пәндерін 100 балдың 95-іне тапсырып жүр. Студенттің анасы қызымен сөйлесіп, не болғанын анықтаған. Университет тарапынан оған ешқандай кінә тағылып отырған жоқ, себебі сабағы жақсы және басқа студенттермен қарым-қатынасы да дұрыс», – деді Мадина Мансурова.

Деканның айтуынша, қыз ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің тексеруінен өткен. Мансурованың өзі де студентпен кездесіп, жағдайын сұраған. Алайда оқиғаның егжей-тегжейінен хабарсыз екенін жеткізді.

«Онымен сөйлескенде амандасып, жағдайын сұрадым. Ол бәрі жақсы екенін айтты. Таңертең сабаққа бармаған, ал бөлмелес қыздары сабаққа кетіп қалған. Қазір ата-анасымен байланыстамыз, анасы қызының жағдайы жақсы екенін айтады. Кеше өзі жүріп-тұрған, бүгін дәрігерлердің бақылауында», – деді декан.

Мансурова оқу жүктемесінің көптігі немесе психологиялық қысым болуы мүмкін деген болжамдарға да пікір білдірді. Оның айтуынша, студенттің өзі математика бағытына түсуді армандаған және ҚазҰУ-да оқуға түскеніне қуанған. Дегенмен декан жатақханада құрдастары тарапынан қысым немесе әлімжеттік болуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығара алмады.

«Бұл әлімжеттікпен байланысты болды ма, жоқ па, айта алмаймыз. Студенттің өз айтуынша, қыздармен қарым-қатынасы жақсы», – деп қысқа қайырды Мадина Мансурова.

Университеттің баспасөз қызметі ақпаратты неге жоққа шығарды?

Университеттің баспасөз қызметінің әрекеті сұрақ тудырады. 19 қарашада редакция болған оқиғаға қатысты ресми ақпарат алу үшін ҚазҰУ-дың баспасөз хатшысына хабарласқанда бізге баспасөз қызметкері ақпарат расталмағанын айтты. Алайда сол күні кешке Алматы қаласының Полиция департаменті оқиғаның болғанын растады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салу дерегі тіркелген. Оған медициналық көмек көрсетілді. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады», – деп хабарлады Алматы қаласының Полиция департаменті.

Елдегі ең ірі университеттердің бірі саналатын оқу орнының баспасөз қызметі ақпарат бірден расталмағанын мәлімдегенімен, кейін оны полиция растады. Екі студенттің өліміне қатысты оқиғалардан кейін мұндай жағдайлар қоғамда қосымша сұрақ туғызатыны анық. Осындай жағдайда университет басшылығынан барынша ашықтық пен жедел ақпарат күтетіні айтпаса да белгілі. Болған оқиғаны жоққа шығару кімге керек ? Ал ҚазҰУ-да шын мәнінде не болып жатыр және студенттердің қауіпсіздігіне кім жауап береді деген негізгі сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Екі өлімінен кейін қандай шара қабылданды?

Бұл жолғы оқиға ҚазҰУ-дегі екі студенттің өлімінен кейін болып отыр. 6 қарашада студенттік қалашықта журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Оның өлімінің мән-жайын полиция анықтап жатыр.

Арада он күн өткенде География және табиғатты пайдалану факультетінің 17 жастағы студенті Дауыл БАҚЫРТАЙДЫҢ қайтыс болғаны белгілі болды. Анасының айтуынша, ұлын ұрып-соққан. Сондай-ақ ол жатақханада төменгі курс студенттерінен ақша жинау жүйесі мен әлімжеттік болғанын мәлімдеді. Осы оқиғадан кейін полиция күдіктіні ұстады.

Дауыл Бақыртайдың өлімінен кейін университет басшылығында кадрлық өзгерістер болды. Әлеуметтік тұрақтылық жөніндегі проректор мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді.

Бұған қоса, 17 қарашада Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-да кешенді тексеріс жүргізілетінін хабарлады. Арнайы мониторинг тобы студенттердің қауіпсіздігін, психологиялық қызметтердің жұмысын, жанжалдардың алдын алу шараларын және университет әкімшілігінің студенттерден түскен өтініштерге реакциясын бағалауы тиіс.

Алайда арада бірнеше күн өтпей жатып университетте тағы бір төтенше жағдай болды. Кадрлық шешімдер қабылданып, кешенді тексеріс жарияланғанына қарамастан, студенттік қалашықтағы қауіпсіздік мәселесі әлі де өзекті. Университет әкімшілігі жатақханалардағы жағдайды қаншалықты бақылап отыр? Мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатыр? Бұл сұрақтарға әзірге жауап жоқ.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!