Қайтейік енді
17.11.2026,
в 16:00
1729
ҚазҰУ жатақханасында қаза тапқан Дауыл БӘКІРТАЙДЫҢ туыстары студенттің жоғары курстағы балалардан қысым көргенін айтады. Олардың сөзінше, марқұм мұндай жағдайларға бұған дейін де шағымданып, түн ішінде дүкенге жіберетіндерін туыстарына жеткізген. Жақындарының мәліметінше, қайғылы оқиға болған түні екінші курстың сегіз студенті Дауыл мен тағы бір бірінші курс студентіне күш қолданған. Кейін туыстарына оның жүрек тұсына тиген ауыр соққыдан қайтыс болғаны айтылады.
Бұған қоса, отбасы университет өкілдерінің оқиғаға қатысты әртүрлі мәлімет бергенін мәлімдеді.
Марқұмның туысының айтуынша, оқиға жатақханадағы бөлмелердің бірінде түн ортасынан ауғанда болған. Туыстары кейін анықтаған мәлімет бойынша, екінші курс студенттері сол түні университетте өтетін шараға дайындалып жүрген. Осыдан кейін олар Дауыл мен тағы бір бірінші курс студентін шақырып алып, тиісуге көшкен.
«Екінші курстың сегіз баласы жатақхананың бір бөлмесіне шақырып алып, жабылып ұрған екен. Інім Дауыл Бәкіртайды және тағы да бір баланы шақырып алып, тиісіп бастаған. Қасындағы жәбір көрген баланың бізге айтқаны бойынша, неге тиісіп жатсыңдар дегенде: «Жай, сендер бізге ұнамайсыңдар», деп ұрған екен», – деді марқұмның туысы.

Дауыл соққыдан кейін құлап қалған кезде қасындағы студент пен екінші курс студенттері оны есінен танып қалды деп ойлаған. Сол себепті оған алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысып, жедел жәрдемді бірден шақырмаған. Туысы оқиға түнгі сағат он екіден кейін болғанын, ал жедел жәрдемге шамамен сағат бір жарымда хабарласқанын айтады.
«Басында Дауылды аяусыз ұрған, артынша ол жерге құлаған кезде екінші курстың студенттері оны талып қалды деп ойлаған. Содан оны есін жиғызу үшін қасындағы досына оның екі аяғын аспанға қаратып қоюды тапсырған. Оқиға шамамен түнгі он екіден өте болған, олар жедел жәрдемді бір жарымда шақырған. Сонда арада бір жарым сағаттай уақыт текке кетті. Егер олар жедел жәрдемді ертерек шақырса, мүмкін, аман қалар ма еді. Біз мәйітханаға барғанда, Дауылдың өлім себебін анықтау үшін мәйітке патологоанатомдық зерттеу жүргізіп, денесін тіліп тастаған. Осы оқиғаның бәрін біз бала өліп қалған соң, таңғы сағат төрттен өте естідік. Мәйітханада өлімнің себебі ретінде бізге жүрек тұсына тиген ауыр соққыдан қайтыс болды деп айтты. Шынымен де, көкірек тұсы көгеріп әрі қызарып кеткен», – дейді туысы.
Марқұмның туыстары оның қаза болғаны туралы хабарды таңғы төрттен асқанда ғана алған. Айтуларынша, мәйітханада Дауылдың денесін зерттегеннен кейін жақындарына өлімнің себебі жүрек тұсына тиген ауыр соққы екені түсіндірілген. Туыстары студенттің кеуде тұсында көгерген және қызарған іздер болғанын да айтады.

Дауылдың қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Алматыдағы туыстарының үйіне келгенін еске алды. Сол кезде ол жоғары курс студенттерінің тыныштық бермейтінін, түрлі сылтаумен тапсырма орындататынын айтқан екен.
Туысының сөзінше, жатақханада бірінші курс студенттеріне қатысты өздері ойлап тапқан тәртіптер болған. Мәселен, екінші курс студенттеріне «сіз» деп сөйлеу, олармен қол алысып амандасу талап етілген. Тіпті екінші курста оқитын қыздарды алыстан көргенде де бірден амандасу керек болған. Бұған қоса, бірінші курс студенттерін түн ішінде оятып, дүкенге жұмсаған.
«Қаза боларының алдында туысымыздың үйіне келгенде, жоғары курс студенттері әлімжеттік көрсетіп, мазасын алатынын айтты. Біресе дүкенге бар, біресе тағы басқа деп тыныштығын алып жүрген. Сол күні көңіл-күйі болмай отырған еді. Ол жерде әлімжеттік деген қатты болады екен. Екінші курсқа сіз деп сөйлеу керек, қол алып амандасу керек, тіпті екінші курстың қыздарын алыстан көре салысымен тіке қарамай, бірден амандасу керек деген сияқты миға сыймайтын өздерінің заңдарын орнатып алған. Сонымен қатар, түн ішінде тұрғызып алып, дүкенге жұмсайтындары тағы бар екен. Алайда біз ол жерде осындай адам өлтіруге дейін баратын әлімжеттік орнағанын білмедік», – дейді.
Әлімжеттік көрсетті деген студенттер Батыс өңірінен келгендіктен, жатақханада бұларды «шымкенттік» деп атап, өзгелерден бөліп қараған. Ал оқиғаға қатысты туыстарының басты сұрағы – топ болып соққыға жықты делінген сегіз студенттің ішінен неліктен тек біреуі ғана күдікті деп танылғаны.
«Оқиға болғаннан кейін сегіз баланы да полицияға алып кеткен, алайда күдікті деп біреуін ғана танып отыр. Неге күдікті біреу ғана? Біз оған келіспейміз. Бұл топ болып жабылып адам өлтіру болып саналады», – деді марқұмның туысы.

Туыстары Дауылдың демікпемен ауырғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған мәліметті де жоққа шығарады. Олардың айтуынша, студенттің ешқандай ауруы болмаған. Дауылдың жағдайы туралы алғаш хабарласқанда, декан оған студенттің қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілгенін айтқан. Кейін туыстары төбелес болғаны туралы сұрағанда, декан мұны жоққа шығарған.
«Хабарласқанымызда декан басында бала температурамен кетті деп айтты. Артынша олай емес екен ғой, төбелес болған екен дегенімізде, декан бізге: «Ешқандай төбелес болмады, мен балалардың қасында болдым түні бойы» деп айтты. Артынша декан келіп, Дауылдың мұрнына себетін спрейі болатын, соны көрсетіп, өзі ауырып жүрген екен деп, ананы бір, мынаны бір сылтау етіп, өлімінің себебін барынша жасырғысы келді», – дейді ол.
Бұған дейін ҚазҰУ баспасөз қызметі марқұмның отбасына моральдық және материалдық қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеген. Алайда туыстары университет тарапынан өздеріне нақты көмек көрсетілмегенін айтады. Олардың сөзінше, оқиғаның мән-жайын білу үшін өздері деканатқа хабарласуға мәжбүр болған.
«Олар бар мәліметті жасырғысы келетін сияқты, қандай көмек туралы айтып отырғанын білмедім. Себебі біз өзіміз деканатқа хабарласып, бәрін сұрап жатырмыз. Екі түрлі сөйлеген соң, біз де одан әрі жарытып ештеңе айтпайтынын білдік», – деді туысы.
16 қарашада әлеуметтік желілерде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған. Кейін оның география және табиғатты пайдалану факультетінде білім алғаны белгілі болды. Университеттің баспасөз қызметі студенттің қайтыс болғанын растағанымен, оқиғаның нақты қалай болғаны жөнінде толық ақпарат жарияламады. Алматы қалалық полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын және күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, бүгін мәлім болғандай, университеттің әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметінен босатылды. ЖОО басшылығының мәліметінше, олар өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған.
Айта кетейік, бұл – ҚазҰУ-де соңғы он күн ішінде тіркелген екінші студент өлімі. 6 қарашада университеттің журналистика факультетінде оқитын бірінші курс студенті де көз жұмған болатын. Әлеуметтік желілерде оның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы болжам тарады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Полиция ол жағдай бойынша да қылмыстық іс қозғаған.
Фото: әлеуметтік желіден, © Hronika.kz / Данил Шемратов.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
12.11.2026,
15:11
16.11.2026,
13:00
13.11.2026,
09:00
12.11.2026,
12:03
14.11.2026,
16:00