Алматыда көптеген кандидатты «сайлауға қатыспайсың» деп қуып жіберді

Қайтейік енді

17.11.2026,

  в 18:00

455

Аумақтық сайлау комиссиясы сайлауға түспек болған бірнеше кандидатты сызып тастады

№13 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша аймақтық сайлау комиссиясы екі кандидаттың – «Репродуктивті медицина институты» ЖШС колл-орталығының басшысы Айнара НҰРДИН мен бірнеше ұйымда басшылық қызмет атқаратын Бибек ЖҮНІСОВТІҢ тіркеуі алып тасталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар 17 қарашада №8 округ бойынша аймақтық сайлау комиссиясы депутаттыққа өзін ұсынған «Жасыл Алматы» КММ саябақтарды күтіп-ұстау бөлімінің бастығы Самат САҒЫМБЕКОВ тіркеуінің күшін жойды. Жалпы қараша айының басынан бері Алматыда мәслихат сайлауына қатыспақ болған 17 кандидаттың тіркеуі тоқтатылды.

Бұған дейін №12 сайлау округі бойынша «Сен үшін – Ради тебя» қоғамдық қорының президенті және «Халықаралық құқықтық альянс» ЖШС бас директоры Эльмира ТАУБАЕВА тіркеуінің күші жойылған болатын. № 5 округ бойынша Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасының президенті Светлана РОМАНОВСКАЯНЫҢ тіркеуі жойылды.

Одан бөлек №1 округ бойынша «NURKENT SAUDA» ЖШС директоры Ернар БИІКОВТІҢ, №3 округ бойынша № 29 қалалық емхананың бухгалтері Айзада МҰХАМБЕТҚАЛИДІҢ, №4 округ бойынша «FIRST» кәсіби бухгалтерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Шолпан Бертісбаеваның тіркеуі күшінен жойылды.

№5 округ бойынша «Pactum Verny заң компаниясы» ЖШС заңгер ассистенті Диас ТІЛЕБАЛҒАНОВТЫҢ, №6 округ бойынша қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің директоры Арман ТОЙБЕКОВТІҢ, № 10 округ бойынша «Хан Тәңірі ТК» МИБ төрағасы Талғат ШОЛАНОВТЫҢ тіркеуі жойылды.

Дәл осындай шешімдер №15 округ бойынша «ҚАҒАЗ ИНВЕСТМЕНТС» АҚ бас директоры Серік ШЫНТАСОВҚА және № 16 округ бойынша «СК Пром Индустрия» ЖШС директоры Қуат БЕЙСЕМБАЕВҚА қатысты қабылданды.

Тіркеудің күшінен жойылуы ең көп №21 сайлау округінде тіркелді. Мұнда сайлау додасынан бірден төрт кандидат шығып қалды: Сәбит МОЛДАҒАЛИЕВ, Станислав ӘБІЛЕВ, Елена СЕРГЕЕВА және Дмитрий ЛАКТЮШИН.

Жарияланған хабарламаларға сәйкес, кандидаттардың тіркеуін күшінен жоюға «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 104-бабы 6-1-тармағының 3 және 4 тармақшаларының ережелері негіз болған.

Фото: Астана қаласының әкімдігі.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!