Алматыда фильм түсіру үшін көлікке ескі нөмір таққандар жазаланды

Қайтейік енді

24.10.2025,

  в 15:00

298

Басы бәлеге қалған жүргізушілер шығармашылық ұжымнан 6 миллион теңге талап етіп отыр

Фильм түсіреміз деп, басы бәлеге қалды. Алматыда кино түсірілімі кезінде ескі нөмірмен көлік жүргізген үш адам жазаланды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Полицейлер оларды бір тәулікке қамауға алып, сот шешімімен бір жылға жүргізуші куәлігінен айырыпты. Ал осы жағдайдың кесірінен түсірілімді тоқтатып қойған ерлі-зайыпты режиссер мен продюсер тәртіп сақшыларының әрекетіне наразы.

— Бұл жерде біз жылдамдық асырған жоқпыз. Камераны орнату бар ғой, кинода. Ондай орнатқан жоқпыз, мысалы. 50 метрден кейін мен ұстап … Ескертіп, айыппұл салуға болар еді. Бірінші рет болып тұр. Біз мүлдем рұқсат алған жоқпыз дей алмаймын. Алдын ала әкімдікке, полиция департаментіне барғанбыз. Ол қағаздарымыз бар. Бұл іске мүлдем немқұрай қараған жоқпыз, — дейді кинопродюсер Айсәуле ӘБІЛДӘ.

Оқиға қазанның басында болған. Режиссер Мұрат ЕСЖАН мен продюсер Айсәуле Әбілдә кезекті туындысын түсіре бастаған. Фильмде 2004 жылды көрсетпек болған олар үш қымбат көлікті жалға алып, ескі нөмір тағады. Әл-Фараби даңғылына шыға бергені сол екен, полицейлер бірден тоқтатыпты. Сөйтіп көліктерді айып тұрағына әкетіп, тізгіндегі азаматтар бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.

Тіпті аудандық сотта да мұның фильм ішіндегі эпизод екенін дәлелдей алмапты. Енді түсірілімге қатысамын деп басы бәлеге қалған жүргізушілер шығармашылық ұжымнан 6 миллион теңге талап етіп отыр.

«Екі ортада біз күйіп отырмыз» деген Айсәуле Әбілдә әділдік іздеп әлек.

Ал полиция департаменті киногерлер алдын ала түсірілім туралы ескертпеген деп отыр. Сондықтан жаза өзгертілмейді.

— Заң барлық тұлғаларға бірдей. Киноөндіріс телевизия жобаларын түсіргенде заңды бұзуға болады деген норма ешбір заңда жоқ. Сондықтан заңды қатаң сақтау тиіс. Киноны бірінші түсіріп жатқан тек бұл компания емес. Әріптестері кино түсірер кезде белгіленген тәртіппен жалған нөмірі бар автокөліктерді түсіруші алаңға белгілі эвакуатормен жеткізеді. Сондықтан белгіленген тәртіпте, хаты да, өндірісі де жазылған жоқ. Сондықтан нәтижесі осындай, — дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!