Тараздағы жаңа көпір тұрғындарды қараңғыда қалдырды

Қайтейік енді

22.11.2025,

  в 17:00

104

Жаңа көпірдің қорлығын көрген тұрғындар әкімдікті сотқа бермек

Таразда жиырмадан астам үйдің тұрғындары жаңа салынған көпірдің қабырғасынан күн көзін көре алмай қалдық деп қапалы. Көлеңкеде күн кешіп отырған тұрғындар қабырғаны салып бітірсе, тіпті тасада қаламыз деп дабыл қағуда. Өйткені көпірдің биіктігі әлі 12 метрге көтерілмек, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қала орталығындағы көшеде тұратындар көпір құрылысы басталған кезде мазасы қашқан. Жаз бойы алып техникалардың гуілі мен шаң-тозаңнан зәтте болған тұрғындар енді күннің көзін көруден қалдық деп налып отыр. Әу бастан ені тоғыз метрге дейін созылады деген көше бес метрге дейін қысқарған. Қазір бұл көшемен көліктер тек бір бағытқа ғана жүреді. Тұрғындар бұл жерге үлкен техника түгілі, жедел жәрдем көлігі кіре алмай қалғанын айтады.

– Бала-шағамызды ойлап уайымдаймыз. Мына жақта жүретін де жер жоқ. Жаяу жүргіншілер жолына шығады. Содан кейін бала-шағамызды ойлап қорқып жүрміз. Арғы жақтан келсе, біздің машиналар да шыға алмайды. Адам тұра алмайтын жер ғой, мына жер. Қорқынышты. Төбеңнен машина құлайды немесе басынан біреу қағып кетеді деп үйрейленеміз, – дейді қала тұрғыны Суфар ҚҰБЖАНОВ.

Тасада қалып тынысымыз тарылды деген тұрғындар көпірдің жобасын көріп тіпті жағасын ұстаған. Олар биік қабырға биіктей түскен сайын, өмір сүру қиындай түсетінін айтады. Өйткені қыс айларында көпір маңындағы үйлерге мүлде күн түспей қалуы мүмкін.

– Қазірдің өзінде күндіз үйге кірсем, қап-қараңғы болып тұрады. Жарықты қосып қоюға тура келеді. Өзім мектепте мұғаліммін. Оқушылардың дәптерін күнде тексерімін. Бұл жағдай жұмысқа да кедергі келтіріп тұр. Біз кімге шағым айтпадық. Президентке де бірнеше мәрте хат жаздық. Әзірге бұл «мәселе қаралып жатыр» деген жауап алдық, – дейді қала тұрғыны Марина ГЛАВАТСКИХ.

Өркениет игілігімен бірге күн көзінен қағылдық деген тұрғындар әкімдіктен үйін өтемақы төлеп сатып алуды сұрап отыр. Өйткені көпір құрылысында бұл көшенің тұрғындарының талабы ескерілмеген. Олар көпір үйлерге шамадан тыс жақындап кеткен дейді. Ал бұл мәселемен жіті таныс әкімдік мамандары тұрғындарға сотқа жүгінуге кеңес беріп отыр.

– Бұл мәселені тек сот арқылы реттеуге болады деп ойлаймын. Егер тұрғындар құрылыс талаптарын бұзылғанын дәлелдесе, біз жіберген олқылықтың орын толтыруға міндеттіміз, – деді Тараз қаласы Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш АРАЛБЕКОВА.

Көлеңкедегі 23 үйдің тұрғындары көпірдің асты үнемі ылғал болғандықтан, қабырғаларға сызат түсе бастағанын айтады. Ал тасада қалған көшеден шағын кәсіпкерлер де үдере көшіп кеткен. Бұған дейін жергілікті әкімдік көпір орнындағы 60-қа жуық үйге 2,2 млрд теңге бөліп, оны сатып алған. Ал талаптары ескерілмей тасада қалған тұрғындар «әкімдікті сотқа береміз» деп бекініп отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!