Түркістан облысында солақай балалар оқитын сынып бар

Шалап

29.11.2025,

  в 15:00

346

Солақайлар оң қолмен жазатын оқушыларға қарағанда алғыр келеді екен

Түркістан облысында солақай балалар оқитын ерекше сынып бар, деп хабарлайды Информбюро 31.

Тек сол қолмен жазатын оқушылардың бір жерге топтасуы сәйкестік екен.

Мұғалімдер ұл-қыздардың көбі оңқайларға қарағанда алғыр әрі белсенді болады деп отыр. Олардың әсіресе өнер мен шығармашылыққа жақын болып келетінін байқапты.

Зейнеп БАҚЫТ туғанынан солақай. Озат оқушы ән-би үйірмелерінен қалыс қалмайды. Мектептегі сайыстарда да үздік атанып, үнемі белсенді болып жүреді. 9 жастағы қыз үйінде жалғыз солақай емес екен.

— Біздің үйімізде 3 адам солақай. Мен және атам мен әкем солақай. Мен күнде мектепте 10 балл алып келемін. Жазу жазғанда сол қолмен жазамын, — дейді Зейнеп Бақыт, 3-сынып оқушысы.

Арыс қаласындағы нөмірі төртінші бастауыш мектепте бір сыныпта 24 оқушы солақай. Бұл ерекшелік олардың әріптерінің әдемілігіне еш кедергісін келтірмеген. Керісінше бәрінің де жазуы маржандай. Олардың оқу үлгерімдері де жақсы. Көбі шығармашылыққа бейім.

— Мен сол қолмен де, оң қолмен де жаза беремін. Тамақты оң қолмен ішемін. Басқа заттарды істегенде оң қолмен де сол қолмен де істей беремін. Үйде екі адам сол қолмен жазамыз. Ағам, мен, — дейді Гүлназым МЕДЕУБЕК, 3-сынып оқушысы.

Бірінші сыныпқа қабылдағанда шәкірттерінің бәрі де сол қолмен жазатынын көргенде Сара ӘЛІМБЕКОВАНЫҢ өзі де таң қалыпты. Мұғалім 24 жылдық еңбек өтілінде мұндайды көрмегенмін деп отыр. Білместікпен оқушыларды оң қолмен жазуға бейімдегісі келіпті. Бірақ бұл әрекетінің балаларға кері әсер ететінін түсінгенін айтады.

— Таңдап алмадым бұларды. Өздері осылай бірыңғай келген. Жыл басында 29 оқушы еді. Соның 24-і сол қолмен жазады. Бұларды осылай сол қолмен жазар кезде оң қолмен жазуға мәжбүрлегенімде көптеген материалдар іздедім жан-жақтан. Сол кезде бұларды мәжбүрлемеу керек екенін түсіндім. Ол невроздық, құлақ естімей қалу, кекештік ауруларға шалдықтырады екен, — дейді Сара Әлімбекова, мектеп мұғалімі.

Ұстаздың сөзінше оң қолмен жазатын адамдардың миының сол бөлігі жақсы дамыса, солақайлардың миының екі жағы да жақсы жұмыс істейді. Сондықтан шәкірттерінің басқа оқушыларға қарағанда алғыр екенін аңғарған. Қала берді бұл құбылыстың тұқым қуалайтынын да біліпті. Мәселен сыныптағы он оқушы ғана отбасында сол қолмен жаза алатын жалғыз адам болса, қалғандарының ата-әжелері солақай екен.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!