Батыс Қазақстанда Грузиядан келген көлік қаптады

Қайтейік енді

12.12.2025,

  в 16:00

234

Бұған дейін өзге елден әкелген транспортты тіркеу, есепке алу реттелгендей еді…

Батыс Қазақстан облысының жолдарында шетелден әкелінген транзиттік көлік көбейіп кетті. Заң бойынша, иелері он күннің ішінде темір тұлпарларын тіркеуге қоюуға міндетті. Алайда бұл талап орындалмай отыр, деп хабарлайды Жетінші арна.

Ауада тұрған, есепке алынбаған көліктер негізінен қалааралық бағыттарда такси болып жүр. Жол жүру ережесін де жиі бұзатын солар.

Облысты шетелдік нөмірмен кезіп жүрген көлік көп. Нақты саны тіркелмеген. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, 20 мыңнан асады. Ал мемлекеттік кірістер департаментінде 2,5 мыңдай көліктің тізімі тұр. Кедендік және салықтық төлем 2 миллиард теңгеден асқан. Шекарадан өткізілген көлік үшін қойылатын талап мынадай.

Қайрат КЕНЖЕГУЖИН, МКД басқарма басшысы:

– Ең бірінші мемлекеттік кірістер департаментіне келіп, көліктің транзиттік-кедендік рәсімін аяқтауы қажет. Содан кейін автокөлікті уақытша сақтау қоймасына оррналастыру қажет. Уақытша сақтау орнында автокөліктерді 4 ай мерзімге дейін орналастыруға болады. Сол мерзімнің ішінде міндетті түрде мемлекеттік кірістер департаментіне кедендік декларацияны табыстауы қажет.

Қаладан қалаға қатынап жүрген такси жүргізушілерінің дені өзге елден әкелінген көлік тізгіндейді. Жыл басталғалы облыста мыңдаған жол-көлік апаты орын алды десек, соның 134-і транзиттік көліктің қатысумен болған. 14 адам қаза тапқан. 142-сі жарақаттанған.

– Атап айтқанда, шетелдік есепте тұрған көлік құралдары тарапынан 15170 құқықбұзушылық, сондай-ақ транзиттік нөмірі бар автокөліктермен 5536 құқықбұзушылық тіркелді. Анықталған деректердің басым бөлігі белгіленген жылдамдық режимін арттырумен байланысты, дейді ПД ресми өкілі Нұржан ҚУАНҒАЛИ.

Көрші елден, Қап тауынан бері асып келген көліктер көшеде емін-еркін жүр. Мысалы, бір жол талғамайтын көлік иесі 44 рет жол ережесін бұзған. Өзге елдің азаматына 1 миллион 631 мың 780 теңге айыппұл салынды. Көлігі арнайы тұраққа қойылды.

Бұған дейін өзге елден әкелген транспортты тіркеу, есепке алу реттелгендей еді. Енді Грузиядан келген транзиттік көлік қаптап кетті. Иелері көліктерін 10 күннің ішінде тіркеуге қоюға міндетті. Бір қызығы, транзиттік тіркеудегі көліктер еліміздің тек батыс аймағында ғана тайраңдап жүр. Одан әрі асса, аяқтарын жинауға тура келеді. Бұл мәселе қашан, қалай шешіледі? Оған нақты жауап әзірге болмай тұр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!