Алматыда ауыз судан көк ірің таяқшасы анықталды: «Алматы Су» не дейді?

Қайтейік енді

11.11.2026,

  в 12:00

763

Суда Pseudomonas aeruginosa бактериясы өріп жүр

Алматыдағы Әуэзов көшесіндегі пәтерлердің бірінде краннан аққан және сүзгіден өткен судан Pseudomonas aeruginosa бактериясы – көк ірің таяқшасы анықталды.

Ұлттық тұтынушылар лигасының жетекшісі Светлана РОМАНОВСКАЯНЫҢ айтуынша, ол пәтеріне жаңа су сүзгісін орнатып, оның суды қаншалықты сапалы тазартатынын тексермек болған. Осы мақсатта арнайы зертханаға жүгінген. Олар келіп арнайы құрылғыға суды құйып алып кеткен. Артынша зерттеу нәтижесі күтпеген жағдайды анықтапты. Мамандар сынамалардан Pseudomonas aeruginosa бактериясының өсуін байқаған. Осыдан кейін Романовская талдау нәтижелерін қайта тексеруді ұйғарып, су үлгілерін тағы да зертханаға тапсырған. Сонымен қатар бақылау үшін алынған сынамаларды сақтап қойған.

Айта кетейік, барлық сынама Алматының Алмалы ауданындағы бір ғана пәтерден алынған. Қаланың басқа аудандарындағы су сапасы әлі тексерілмеген.

2026 жылғы 14 және 28 қыркүйектегі зертханалық хаттамалаларда зерттелген су сынамаларынан көк ірің таяқшасы анықталғаны көрсетілген. 14 қыркүйекте зертхана сүзгіден өткен және сілтілі суды тексерген. Сілтілі судағы микроорганизмдер саны хаттамада көрсетілген рұқсат етілген мөлшерден төрт еседен астам асып, 210 көрсеткішін құраған. Ал рұқсат етілген шек – 50 екен.

28 қыркүйекте Романовская суды қайта тапсырған. Бұл жолы сынамалар краннан және сүзгіден кейін алынған. Микроорганизмдердің жалпы саны белгіленген нормадан аспағанымен, екі сынамадан да көк ірің таяқшасы табылған. Зерттелген өзге көрсеткіштер бойынша нормадан ауытқу тіркелмеген.

Романовская алғашқы зерттеу нәтижелерінен кейін «Алматы Су» мекемесіне хабарласып, суды өздері де тексеруді сұрағанын айтты.

Оның сөзінше, мекеме өкілдері қолданыстағы мемлекеттік стандартта көк ірің таяқшасын анықтау көрсеткіші қарастырылмағанын, сондықтан оны міндетті түрде бақыламайтынын түсіндірген. Сонымен қатар, Романовская егер тұрғындар суды қайнатып ішпесе ересектер мен балалардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін жеткізді.

«Біз Денсаулық сақтау министрлігіне хат жаздық. Қауіпсіздік стандартын қайта қарап, оған көк ірің таяқшасын анықтау көрсеткішін енгізу қажет екенін айттық. Бірақ әзірге жауап алған жоқпыз. Сонымен қатар, мен әу баста көк ірің таяқшасы шыққан кезде қайтадан зертханаға зерттеуге бергенімде олар өздері келіп арнайы құрылғыға құйып алып кетті. Демек ол суды мен өзім апарып берген жоқпын. Айтқым келетіні көк ірің таяқшасы ауыз суда бар екенін зерттеу анығынан көрсетіп тұр», – деді Романовская.

«Алматы Су» не дейді?

«Алматы Су» кәсіпорны ауыз судың сапасын тәулік бойы бақылап отыратынын және оның қолданыстағы талаптарға сәйкес келетінін мәлімдеді. Мекеме өкілдері 20 қазанда Әуэзов көшесіндегі тұрғын үйден су сынамалары алынғанын айтты. Сонай-ақ, жоғарыда жазылғандай мекеме өкілдері көк ірің таяқшасы су құбыры арқылы берілетін ауыз суды міндетті түрде тексеруге жататын бактериялар тізіміне кірмейтінін растады.

«Тексерілген физикалық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша нормативтерден ауытқу анықталған жоқ. Ұсынылған хаттамаларда микроорганизмнің краннан алынған және тұрмыстық сүзгіден өткен су үлгілерінен табылғаны көрсетілген. Алайда хаттамаларда оны анықтау әдістемесі жазылмаған, хаттамалардағы мәліметтер микроорганизмнің қалалық су құбыры желісінде бар екенін анықтауға немесе судың гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасауға жеткіліксіз», – деп түсіндірді «Алматы Су».

Сонымен қатар, «Алматы Су» ұсынылған зерттеу нәтижелерін тексеру үшін аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органымен бірлесіп, бірнеше жерден су сынамаларын алып аккредиттелген зертханаға қосымша зерттеуге жіберуді жоспарлап отырғанын айтты.

Фото: © Hronika.kz / Перизат Жарылқасын.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!