Астанада клоундар фестивалі өтеді

Қайтейік енді

29.05.2026,

  в 13:30

207

Оған Дания, Италия, Франция, Аргентина және Ресейден клоундар келеді

Астана қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай III Халықаралық клоундар фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, фестиваль балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға, отбасылық мәдени демалыс дәстүрін дамытуға және тұрғындар мен қонақтар үшін ашық шығармашылық орта қалыптастыруға бағытталған.

Фестиваль аясында сағат 12:00-де Бәйтерек монументі маңынан клоундар шеруі басталып, Ғашықтар саябағына дейін жалғасады.

Шараға өнер әлемінде кеңінен танылған Мұтырғановтар отбасы, еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздар, сондай-ақ Дания, Италия, Франция, Аргентина және Ресей елдерінің шығармашылық өкілдері қатысады.

Сағат 17:00-де елордалық Амфитеатр сахнасында фестиваль қатысушыларының концерттік бағдарламасы өтеді.

– Көрермендерге балалар мен отбасыларға арналған шығармашылық қойылымдар, сахналық көріністер және мерекелік нөмірлер ұсынылады, – деп хабарлады әкімдік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, III Халықаралық клоундар фестивалі балалардың мәдени-шығармашылық дамуын қолдауға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және қала тұрғындары мен қонақтары үшін мазмұнды мәдени орта қалыптастыруға бағытталған.

Фото: Астана әкімдігі.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!