Бірнеше көлікті соққан жүргізуші прокурордың ұлы боп шықты

Қайтейік енді

23.09.2026,

  в 15:00

254

Прокурор жүрген жерде әділетсіздік болуы мүмкін деп қауіптенетін елміз

Айдананың айтуынша (қыздың өтінішімен аты өзгертілді), биыл 11 қыркүйекте Алматыда ірі жол-көлік апаты болып, салдарынан оның жаңа көлігі жөндеуге жарамсыз күйге түсті.

– Мен жолда кептелісте тұрғам. Алдымда «Алматы Тазалық» су шашатын көлігі, артымда Lada маркалы көлік тұрды. Артымыздан Audi маркалы көліктің жоғары жылдамдықпен ұшып келе жатқанын айнадан көрдім.Audi жүргізушісі тұрған көліктердің арасынан өте шығам десе керек. Бірақ ол Lada көлігін арттан соқты. Lada инерциямен менің көлігіме соғылды, менің мәшинем алдымда тұрған су шашатын көлікке соғылды. Көлігім жөндеуге келмейтін күйге түсті. Оны кредитке алғанмын, әлі қарызын өтеп болған жоқпын. Бәріміздің аман қалғанымыз ғана көңілге медеу, дегенмен өзім жарақат алдым, – дейді Айдана.

Алматы қаласының полиция департаментінің мәліметінше, бұл жол-көлік оқиғасы шынымен болған. Алайда оның қатысушыларының аты-жөнін жариялағысы келмейді.

– 2026 жылғы 11 қыркүйекте сағат 23:14 шамасында Алматы қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөліміне Алматы қаласының Медеу ауданында бес көлік құралының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны туралы ақпарат түсті. Audi автокөлігінің жүргізушісі Шығыс айналма жолы көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Радлов көшесінің маңында Lada автокөлігімен соқтығысқан. Соққыдан Lada автокөлігі инерциямен алдындағы Chery автокөлігіне соғылған. Өз кезегінде Chery автокөлігі алдында тұрған FAW автокөлігімен соқтығысқан.

Содан кейін Audi автокөлігінің жүргізушісі қозғалысын жалғастырып, сол көшеде солтүстік бағытта келе жатқан «КАМАЗ» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Lada автокөлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы дене жарақаттарымен қалалық ауруханаға жеткізілді. Осы факті бойынша әкімшілік материал тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта Медеу ауданының полиция қызметкерлері болған жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр, – дейді полиция.

Айдананың өз атын жасырып отыруының себебі – Audi көлігін басқарған кінәлі жүргізушінің әкесі – прокурор. Дәлірек айтқанда, Жетісу облысы прокурорының орынбасары Ілияс БЕСКЕМПІРОВ екен (суретте). Ал Audi мініп, бес көлікті бүлдірген жүргізуші – оның ұлы Мәди БЕСКЕМПІРОВ.

Қазір енді жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушінің пысық адвокаттары зардап шеккендермен медиациялық келісім жасап жанталасып жатыр. Келтірілген барлық шығынды өтейміз деген уәде беруде.

– Маған да медиациялық келісім ұсынды, бірақ мен бас тарттым. Мені әлі күнге дейін апат болған жердегі хаттамамен таныстырмады. Жол-көлік оқиғасына кінәлі адамның туыстары тарапынан қандай да бір ықпал болуы мүмкін деп қауіптенемін, – дейді Айдана.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!