Оңтүстіктен солтүстікке көшкен 40 отбасыны әкімдік сотқа берді

Қайтейік енді

18.11.2026,

  в 13:30

526

Мемлекет көтермеақы көшуге жұмсалған ақшаны қайтаруды талап етті

Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған 40 отбасыны әкімдік сотқа берді. Себебі, жылы жақтан келгендер мемлекет берген баспананы тастап, кері қайтқан. Салдарынан қаңырап қалған үйлер қирай бастапты. Енді шенеуніктер қоныс аударғандарға берілген қаражатты толық қайтарып алмақ, деп хабарлайды Информбюро 31.

Ал апатты үйлер кезең-кезеңімен сүріледі деп отыр.

Сергеев қаласында оңтүстіктен қоныс аударған отбасыларға 109 үй салынды. Жобаға мемлекет қазынасынан 800 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алайда баспаналар қыста сыз тартып, сапасы сын көтермеді, дейді тұрғындар. Үскірік аязда бүрсең қағып, жұмыс таба алмай қиналған жандар кері қайтуға мәжбүр болған көрінеді.

– Қолымыздан келгенше осының бәрін салып алдық. Жұмыс істеймін деген адамға бұл жерде жұмыс болады. Әркім тіршілігін жасауға болады. Өйткені ет жағы қымбат бұл жақта. Малды асырауың да қиын, – дейді Сергеевка қаласының тұрғыны Нұркен БАЯЗИТОВ.

Техникалық сараптама нәтижесінде 14 үй апатты деп танылған. Олардың жетеуі сүріліп үлгерген. Кем-кетікті өз күшімен жөндегендер де, әкімдіктен көмек сұрап үйін жаңалап алғандар да бар. Амалын тауып қалған отбасылар тіршілік жасап, күн кешуде.

– Үйді биыл полный ремонттап, пол потолок кемшіліктерін бәрін әйтеуір акиматқа барып жөндетіп алдық. Мына қораның бәрін жаңалап берді. Полный үйдің ішін бәрін қайта жаңартып берді, – дейді Сергеевка қаласының тұрғыны Қалдыбай СҰРҚОЖАЕВ.

Аудан әкімдігі есігін кілттеп, кетіп қалған 40 отбасыны сотқа беріпті. Олар талап бойынша баспананы өткізіп беру керек болған дейді.

– Біз оларды тауып, үйлерді қайтадан тапсыруды талап етеміз. Алайда, олар бірден қайтаруға асықпайды. Бұл мәселені сот арқылы шешу көп уақыт алады. Салдарынан үйлер жарамсыз күйге түскен, – дейді Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Жарқын МҰХАМЕДЖАНОВ.

Шенеуніктер қоныс аударушылардың мемлекеттен алған көтермеақысы мен көшуге жұмсалған қаражатты қайтаруын талап етеді. Жалпы берешек 41 миллион теңгеден асқан екен.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!