Қайтейік енді
20.05.2026,
в 14:00
339
«Абай облысында «Қаладан ауылға» жобасы тек қағаз жүзінде жүзеге асып жатыр». Оңтүстіктен шығысқа қоныс аударған тұрғындар аймақ басшысы Берік УӘЛИ мақтаған бастамаға осындай баға берді. Себебі, тұрғындар уәде етілген мал мен жерді әлі алмаған, деп хабарлайды Информбюро 31.
Әкімдік берген баспана тұруға мүлдем жарамсыз деп ашынады. Үржар ауданына көшіп келген азаматтар құлауға шақ тұрған үйлерді өз күштерімен жөндеуге мәжбүр екен.
«Қаладан ауылға» жобасымен Жетісу облысынан Үржар ауданындағы Қарабұйрат ауылына көшіп келген Арнау Мәтекұлына берілген баспана апатты күйде екен. Қабырғасы қақырап, төбесі опырылған жерде тұру мүмкін емес дейді. Сондықтан жұбайы мен бала-шағасын әкеле алмай отыр.
– Өзіміз көрпе-жастығымызды алып келдік. Бала-шағам Көкөзекте оқып жатыр. Жер беріп жатыр, үй тегін дегеннен кейін, көмектесеміз дегеннен кейін көші-қон басын осылай бұрдық. Бірақ біз барлығы біз ойлағандай болмады, – дейді Қарабұйрат ауылының тұрғыны Арнау Мәтекұлы.
Бұл елдімекенге қаладан бас-аяғы сегіз отбасы қоныс аударған екен. Олар жарнамасы жер жарған жобаның тек қағаз жүзінде жүзеге асып жатқанына көз жеткіздік дейді. Себебі, уәде етілген төрт түлік пен жер әлі берілмеген. Кәсіп бастауға көмек көрсетіледі деген сөз іске аспаған. Апатты үйді жөндеп бермесе, кері қайтудан басқа амал жоқ деп ашынады.
– Қаладан ауылға деген программамен келіп отырмыз. Сол себепті мына жақта енді көрдік, білдік. Баспанамыз дұрыс емес. Жасайтын жері көп. Қабырғасы босап, төбесі болса түсіп жатыр. Қабырғасы болса құлап жатыр. Соларды жөндеу керек деген сияқты. Маған әзір сондай жағынан көмек керек болып тұр, – дейді Қарабұйрат ауылының тұрғыны Думан ЕРАСЫЛ.
Шенеуніктер болса, «бұл уақытша қолайсыздық, алдағы уақытта ауылға арнайы келген отбасыларға жағдай жасалады» деп сендірді. Малмен қамту да жоспарда бар екен.
– Мемлекет тарапынан тұрғын үй сертификатын маусым айына табысталу жоспарланып отыр. Тұрғын үй сертификаты бойынша 1600 АЕК. Яғни жеті миллион теңгеге дейін сол ауылда өзі таңдаған үйді алып береді. Қосымша ауылдың әкімшілігі тарапынан он гектар егістік алқабы табысталды, – дейді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Ермек СЕЙІЛҒАЗИН.
Жақында облыс әкімі Берік Уәли осы ауданға арнайы келіп, оңтүстіктен қоныс аударған тұрғындармен кездескен. Алайда Қарабұйрат ауылына ат басын бұрып, шынайы көріністі өз көзімен көрмегені көпшіліктің көңіліне селкеу түсіріпті.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
15.05.2026,
13:30
15.05.2026,
09:00
16.05.2026,
12:00
Реклама
Реклама