Қайтейік енді
24.06.2026,
в 14:00
132
Шымкентте кәмелет жасына толмаған қызды алып қашқан жігіттер сотталды. 26 жастағы азамат пен екі досы жасөспірімді некеге тұруға мәжбүрлегені үшін үш жылдан түрме жазасын арқалады, деп хабарлайды Информбюро 31.
Тараптарды тыңдап, істі саралаған судья айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін жеткізді. Бірақ бұл шешіммен сотталушылардың жақындары келіспейді. Сөздеріне сенсек, бойжеткен көлікке өз еркімен отырып, тіпті ақ босаға аттаған үйде екі ай бойы жүрген.
Сот залында ине шаншар жер жоқ. Айыпталушы орнында отырған үш сыныптас. Біреуі үйленем деп, екеуі серік болып қараша айында келін алып келген еді. Алайда, қыз алып қашу тоймен емес сотпен аяқталды. Себебі, қалыңдық 26 жастағы жігіттің үстінен арыз жазып, күйеу бала мен достары жаза арқалап тынды.
– Қызды алып қашқан кезде 17 жаста болған. Оның анасы бас бостандығынан айыру мекемесінде болған. Әкесі наркологиялық диспансерде ем қабылдаған. Әжесі рұқсатын берді деп тұр. Заңды өкілдері әкесі немесе анасы болып табылады. Сондықтан 17 жастағы қызды алып қашқан деген пікірге келдік, – деді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айнель ОРАҚБАЕВА.
«Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабымен жауапқа тартылған үшеу енді үш жылын темір торда өткізеді. Қала берді моральдық шығын ретінде жәбірленушіге әрқайсысы 5 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Алайда бұл шешіммен үйленемін деп сотталған жігіттің анасы келіспейді. Қалыңмалына бір жарым миллион теңге алып, екі айдай үйімізде тұрған қыздың барлығын алдын ала ұйымдастырғанына сенімді.
– Үкіммен неге келіспеймін? Қыздың өзі барады. Просто тәпішкемен, ырбаңдап шықты ғой мысалға. 17 жаста неге жігіттің машинасына мінеді? Жігітпен неге сөйлеседі ол? 17-де болса үйінде отырмай ма? Жігіттің басын айналдырмай. Кездесуге неге шығады? Неге ақша сұрайды 17-де болса. Мен келіспеймін Орақбаевамен. Апелляцияға береміз, – деді сотталушының анасы Зульфия ЕЛБАЕВА.
Қыз алып қашамын деп сотталғандардың біреуі отбасылы. Оның әйелі үкімді естігенде есеңгіреп қалды. Қолында кішкентай қызы бар келіншек тіпті көз жасына да ерік берді.
– Үш бала-шағам бар. Енді мен не істеймін? Қайда барамын? Әділетсіз болды. Ең болмағанда шартты түрде беру керек еді. Ол жарты жолдан қосылды деп айтты бізге. Ешқандай басы-қасында болған жоқпын деді. Біз тәтті шайына да бардық. Сол кезде де ойнап-күліп жүрген, – дейді сотталушының жұбайы Динара ЖАНДІЛДӘ.
Ал жәбірленуші қыз сұхбат беруден бас тартып, бет-жүзін көрсетуге де қарсы болды. Айта кетейік, бұл істе тағы бір айыпталушы бар. Бірақ полиция із суытқан жігітті әлі іздестіріп жатыр екен.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
18.06.2026,
10:30
21.06.2026,
14:00
18.06.2026,
13:30
23.06.2026,
09:00
18.06.2026,
18:00
Реклама
Реклама