Түркістан облысында мұқтаждарға берілген үйлер неге бос тұр

Қайтейік енді

29.10.2026,

  в 18:00

83

Үйлердің берілгеніне екі жылға жуық уақыт болды. Бірақ ешкім тұрмайды

Сарыағаш ауданында тұрғындар мұқтаж азаматтарға арналған мемлекеттік тұрғын үйлердің бос тұрғанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада сөйлеген тұрғындардың бірі баспаналардың басым бөлігі ұзақ уақыт бойы бос тұрғанын айтып, жауапты тұлғалардан мәселені шешуді сұрады.

Тұрғынның айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй алғандардың кейбірі берілген баспаналарға қоныстанбаған. 

– Үйлердің берілгеніне екі жылға жуық уақыт болды. Бірақ ешкім тұрмайды. Егер тұрғын үйге мұқтаждық болмаса, мемлекетке қайтарылсын. Үйлердің 70-80 пайызы бос тұр. Қаншама адам баспана кезегінде тұр. Тексеру болады дегенде ғана кейбіреулер келеді. Бұл мәселені көптен бері көтеріп келеміз. Аудан әкімінің жауапты орынбасарының алдына да талай рет бардық. Мәселенің оң шешілетінін айтады, бірақ әзірге нәтижесін көріп отырған жоқпыз, – дейді тұрғын.

Тұрғын баспаналардың кімдерге берілгенін анықтап, олардың пайдаланылуына тексеру жүргізу қажеттігін алға тартты.

Жағдайға қатысты Сарыағаш ауданының әкімдігі Kazinform агенттігіне түсінік берді.

Әкімдік мәліметінше, Сарыағаш қаласындағы «Самал» шағынауданында орналасқан 35 жер үйде барлығы 120 пәтер бар. Оның ішінде 48-і – бір бөлмелі, 54-і – екі бөлмелі, 18-і – үш бөлмелі пәтер.

– 2025 жылғы наурызда тұрғын үй кезегіне сәйкес 80 пәтер табысталды. Оның 46-сы – көпбалалы отбасыларға, 18-і – жетім балаларға, 16-сы халықтың әлеуметтік осал топтарына берілді. Биыл «Отбасы банк» АҚ арқылы тағы 32 пәтер бөлінді. Оның төртеуі жетім балаларға, 28-і халықтың әлеуметтік осал топтарына берілді. Қалған сегіз пәтер бойынша банк тізімдерді анықтап, бөлу жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылғы 1 қыркүйекте жұмыс тобы құрылып, тұрғын үйлердің пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Сондай-ақ әкімдік бейнежазбада көрсетілген екі пәтердің кімдерге берілгенін түсіндірді.

– Бейнежазбада көрсетілген «Самал» шағынауданының 7-көшесіндегі № 4 үйдің 4-пәтері 2025 жылғы наурызда жалдау шартымен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген санаттағы жалғызбасты азамат Тұрсын МАМЕНОВКЕ табысталған. Ал 7-көшедегі № 6 үйдің 1-пәтері 2025 жылғы наурызда жалдау шартымен көпбалалы отбасы санатындағы Шахноза МАТКАРИМОВАҒА берілген. Ол Шымкент қаласындағы дәмханада жалдамалы жұмысшы болып істейді. 2026 жылғы 29 қыркүйекте аталған мекенжайлар бойынша мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде тиісті акт жасалды және тұрғындарға ескерту берілді. Қазіргі уақытта сотқа жүгіну жұмыстары жүргізіліп жатыр, – делінген аудан әкімдігінің жауабында.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!