Қайтейік енді
19.05.2026,
в 15:00
130
Түркістан облысында жылыжайда қызанақ еккен 2 мыңға жуық шаруа қожалығы «құрдымға кетудің алдында тұрмыз» деп шулап жатыр. Өйткені отандық өнім пісіп жетілген сәтте, жауапты органдар Қытай мен Түркіменнің арзан қызанағын кіргізіп жіберді, дейді олар. Енді қыруар шығынмен өскен көкөністері импортталған қызанақтармен бәсекелесе алмай, тонналап үйіліп тұр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бір ғана Сарыағаш ауданында биыл қызанақ еккен 2 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Дәл қазір 400 гектар жылыжайда қызыл көкөніс пісіп-жетіліп тұр. Бірақ жыл басынан бері осы өнім үшін «тер төктік» дегендер, енді мұны өткізе алатынына күмәнді. Себебі: өзіміздің өнім піскен кезде, базарда шетелдің қызанағы қаптаған. Ол дәмсіз болса да, арзан, ал біздікі сапалы болғанымен, қымбатқа түсіп тұр, дейді диқандар.
– Бір гектар жылыжайды жүргізу үшін көшет сатып аламыз, оның біреуі 150 теңге, одан кейін 500 тонна көмір жағамыз, оның құны, тоннасы 27-29 мың теңге. Одан кейін жұмысшылардың ақысы, біреуіне 250-300 мың теңге, 1 гектарға 30-40 жұмысшы жалдаймыз. Оның дәрі-дәрмегі бар, жылу, жарығы бар, коммерция бағасымен 80 мың теңге төлейміз. Бұның өзіндің құны 450-460 теңгеге 1 килосы түсіп жатыр, Қазақстандағы өнім, – дейді жылыжай иесі Бауыржан Әбілқасымов.
Қазір қызанақ әр жылыжайдың жанындағы қоймада тонналап сақтаулы тұр. Енді тағы бір апта, он күнде бұл шіриді дейді диөандар. «Несие алып егін ектік» дегендер, дәл қазіргі бағамен табыс таппақ түгілі, шығынның жартысын да жаппаймыз дейді.
– Қазір менің 15 тонна қызанағым тұр, өткізе алмай тұрмыз да, таңдаулы ағашта. Менен басқа қазір мыңдаған диқан бар. Сарыағашта дәл осы жағдайда отыр. 4-5 күнде бұның бәрі ағып кетеді. Сата алмай тұрсақ, бес күнде аға бастайды, шіриді. Банкрот боламын. Сауда болмай, жан-жақтан кіріп жатыр. Шығыным 25 миллион, – дейді шаруа Нұрсұлтан ҚУАНЫШБАЕВ.
Диқандардың айтуынша Қытай және Түркіменнен кіріп жатқан өнімдерді тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тіпті шекарада зертхана да жоқ дейді. Ал биыл ішкі және сыртқы саудамен көмектесеміз деген Сауда комитеті қазір не хатқа, не телефонға жауап беруден қалды, дейді жылыжайшылар қауымдастығындағылар.
– Фитосанитариядан Сәкен ҚАНЫБЕКОВ деген комитет төрағасы бар, ол кісімен де сөйлестік, фитосанитарияны сәл шекарада қарамасаңыздар, өйткені сырттан ауру қызанақ және тағы басқа көкөністер келіп жатыр дедік. Ол жөнінде бізде фактілеріміз де бар, видеоға түсірген, ауруларды және оның қандай бекеттен өткеніне дейін құжаттар бар, бірақ ол «тап-таза» деп, зертханадан шығарып берді. Біз ол кезде де жанайқайымызды ол жаққа жеткізгенбіз. Бірақ біздің шенеуніктер ол жағынан жұмыс істеп жатқан жоқ, – дейді ҚР Фермерлік жылыжайшылар одағының төрағасы Данияр ҚАЛТАЕВ.
Ал үкіметтегілер диқандардың уәжімен келіспейді. Олардың есебінше, импорт қызанақ нарықтың бар-жоғы 7 пайызын жауып отыр және өнімнің бағасы бірінші кезекте диқандарға емес, тұтынушыларға тиімді болуы қажет.
– Қандай қарсы міндеттемелерді айтып отырмыз? Егер Фермерлер қауымдастығы тарапынан елімізді осы қызанақпен өзіміз қамтамасыз етеміз, бағасы тұрақты болады, бір жылдың ішінде нақты осы бағаны көрсететін болса және ол баға біздің нарыққа ұтымды, халыққа қолжетімді баға болатын болса, онда сауда министрлігі бұл ұсынысты қарастыруға дайын, – дейді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл ЖҰБАНИСОВА.
Алайда диқандардың дәл қазір ұсыныс жасауға уақыты жоқ. Олар қазір өнімімізді сатып, шығынды жабуымыз керек дейді. Жылыжайшылардың пікірінше, биыл қазақстандық шаруалар тақырға отырса, онда келер жылы нарықтағы бағаны қытай мен түркіменнің саудагерлері қоюы мүмкін.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
12.05.2026,
18:00
15.05.2026,
13:30
15.05.2026,
09:00
16.05.2026,
12:00
14.05.2026,
12:00
Реклама
Реклама