Атырауда ауыл халқы мұнай зауытының құрылысына қарсы шықты

Новости

24.09.2026,

  в 15:30

174

Жағдай нашарлап барады. Жан-жағы зауыт. Демалудан қалды совсем

Атырау облысында бүтін бір ауылдың тұрғындары екі бірдей мұнай зауытының құрылысына қарсы шықты. Шулаған халық кәсіпорындар салынса тынысымыз тарылып, ауруымыз асқынады деп алаңдайды. Себебі, елдімекен іргесінде онсыз да тағы бір өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Ашуға булыққан жұрт аудан әкімі мәселемізге бас ауыртпайды дейді.

Шенеуніктер 10 жыл бұрын ауылды көшіреміз деп уәде берген дейді көпшілік. Себебі, елдімекеннің экологиясы өте нашар екен. Бірақ әкімдіктегілер айтқанын орындамады деп отыр. Ол аздай, іргеден екі бірдей мұнай зауытының құрылысының басталғаны жұртты алаңдатқан.

– Бұл мәселенің қозғалғанына бірталай жыл болды. Ноғаевтың кезінде қозғалған, Шәпкенов келді, бәрі құр уәдесін беріп кетеді. Ойбай, бәрін қатырамыз, жоқ қыламыз, еш пайда түсіп жатқан жоқ. Халықты алдап-арбап қанау деген мәселе. Зауыт салынып жатыр енді, – дейді Ескене ауылының тұрғыны Есенжан ТҰРЛАНОВ.

Назардан тыс қалдық деген қараша жыл он екі ай жағымсыз иіске тұншығамыз дейді. Себебі, іргеде бір мұнай зауыты жұмыс істеп тұр. Оған тағы екі кәсіпорын қосылса, тіптен жағдайымыз қиындайды деп қынжылады.

Елдімекенде тұратындардың дені зейнеткерлер екен.

– Жағдай нашарлап барады. Жан-жағымыз зауыт. Демалудан қалдық совсем. Күндіз топырақ, кешке зауыттан иіс келеді. Жағдай нашар. Мынау иіс отырғызбайды, немерелерімізме қауіп қатер келеді деп көшіріп жібердік. Ауасы нашар, у жұтқанмен бірдейміз, – дейді Марат ІЗБАСАРОВ, Ескене ауылының тұрғыны.

Ал жауаптылар халықты көшіру мәселесі заң аясында қарастырылып жатқанын жеткізді.

– Аудан әкімдігі тарапынан Ескене, Таскескен елдімекен тұрғындарын экологиялық және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етілген аумаққа оның ішінде Атырау қаласына көшіруді ойластырып жатқан жайларымыз бар. Қазіргі уақытта тиісті заңнамаға сәйкес облыстық деңгейде шешімдер қарастырылуда, – дейді Нұрболат БӨЛЕКОВ, Мақат аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.

Десе де, ескенеліктер бұл атқамінерлердің кезекті уәдесі екеніне сенімді.

Тұрғындар бұл мәселе жыл соңына дейін шешілмесе, үнімізді аймақ басшысына жеткіземіз деп тарқасты.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!