Цифрлық із деген бар. Оны да қазір қорғау керек

Ду шапалаq

06.09.2026,

  в 12:00

113

Байланыс операторлары неден пайда табатын болғанын білесіз бе

Жеке деректер дегеннің не екенін бүгінде көбіміз білеміз. Оны не үшін қорғау керектігін де түсіндірудің қажеті жоқ. Жеке деректер деген – жеке басты куәландыратын құжаттар, телефон нөмірлері және банк карталарының деректері.

Қазіргі заманда кез-келген адам туралы көп нәрсені біліп алуға болады. Мысалы, оның қайда баратынын, интернеттен не іздейтінін, қандай қосымшалар орнатқанын, кімге қоңырау шалатынын, не сатып алатынын. Мұның бәрі цифрлық із деп аталады.

Телефон – тыңшы

Телефон қашан да жанымызда жүреді. Мысалы, анау Қайрат деген кім дегенде оның телефоны талай ақпарат бере алады.

Мысалы, әлгі Қайрекең бір ай ішінде:

– күнде таңертең бір жерде болады;

– кешке сол жерге қайтып келеді;

– дүйсенбі және сәрсенбі күндері басқа районға барады;

– белгілі бір медициналық мекемеге бірнеше рет келеді;

– бір спорт клубына үнемі барады;

– демалыс күндері қала сыртына шығады.

Қайраттың бір айдағы жүріс-тұрысын көрсек, оның қайда тұратынын, қайда жұмыс істейтінін, қайда баратынын және қандай өмір салтын ұстанатынын дәл білуге болады.

Немесе, ол әлеуметтік желілерде денсаулығына қатысты ешқашан ештеңе жазбаған. Бірақ оның телефоны белгілі бір клиникаға бірнеше рет барғанын тіркеген. Одан соң дәріханаға кірген. Содан соң интернеттен нақты бір дәрі туралы ақпарат іздеген.

Оған іздеулері, қаралған материалдар тарихы, лайктар, пікірлер, жазылған парақшалары, IP-адрестер, құрылғы идентификаторлары, сатып алған нәрселері туралы деректер, жарнамалық идентификаторлар және тағы басқалар қосылады.

Жекелеген ақпарат ештеңені білдірмеуі мүмкін. Бірақ оларды пазл сияқты біріктірсе, адам туралы айтарлықтай дәл портрет жасауға болады.

Цифрлық із сіз ешқашан жарияламаған, ешкімге ешқашан айтпаған нәрселер туралы да ақпарат бере алады және мұның бәрі назардан тыс қалмайды.

Бүгінде цифрлық із біз байланыс операторларының жаңа табысына айналды. Өйткені біреуге дәл керек клиентті тауып беру жағынан оларда зор мүмкіндік бар.

Мысалы, Tele2 саясатында біздің оларға қандай деректерімізді беретініміз нақты көрсетілген: ЖСН, аты-жөні, телефон нөмірі, IP-мекенжай, құрылғы туралы деректер, бірегей идентификаторлар, геолокация, GPS, банк деректемелері және төлем операциялары туралы ақпарат. Компания сондай-ақ деректерді «байыту және профильдеу» туралы жазады – оның ішінде әлеуметтік желілердегі ашық аккаунттардан және серіктестерден алынған ақпаратты пайдалану арқылы.

Beeline құжаттарында да ЖСН, жеке куәлік деректері, телефон нөмірі, тұрғылықты қала, биометриялық деректер, ал жекелеген келісімдерде кредиттік бюролар мен eGov жүйесінен алынған мәліметтер көрсетілген.

Kcell өз кезегінде талдау және статистика үшін құрылғы идентификаторлары, телефон моделі, операциялық жүйе, байланыс операторы, тіл, уақыт белдеуі және пайдаланушының қосымшадағы әрекеттері – мысалы, қандай бөлімдерді және қашан ашқаны туралы деректер пайдаланылуы мүмкін екенін бөлек көрсетеді.

Ал енді осы деректердің бөтен адамдардың қолына түсіп кеткенін елестетіп көрейік. Ең қызығы дәл осы жерден басталады.

Жалғасы бар.

Фото: ЖИ-дің жасағаны.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!