Депутаттар трассадағы жылдамдық шектеулерін мүлде алып тастауды ұсынды

Қайтейік енді

18.06.2026,

  в 15:00

509

Жол мұраты – жылдам жету. Штраф төлеу емес!

Енді қалааралық трассалардағы жылдамдыққа қатысты шектеулер жойылуы мүмкін. Яғни, көлік жүргізушілері сағатына 110 емес, 120, тіпті 140 шақырым жылдамдықпен жүйтки алады. Әрі ауыл маңынан өткенде де баяу жүрудің қажеті болмайды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Бұндай бастаманы депутаттар көтеріп отыр.

«Бірінші, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен басқа да республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қолданыстағы жылдамдық режимдеріне кешенді ревизия жүргізуді, қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін, қоршалған және қарсы бағыттары толық бөлінген учаскелерде рұқсат етілген жылдамдықты кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастыруды, үшінші, елді мекендер жанындағы, бірақ жаяу жүргіншілер қозғалысы жоқ және барлық қауіпсіздік талаптары сақталған учаскелерде 60 км/сағаттық шектеуді қайтадан қарап, талдау жүргізу», деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Болатбек НАЖМЕТДИНҰЛЫ.

Депутат пайымынша, қазір қыруар қаржы құйылып салынған автожолдар негізгі функциясын орындап отырған жоқ. Өйткені әу баста тас жолдар көлік қозғалысын жеңілдетіп, уақытты үнемдеу үшін төселген. Демек, жылдамдық та жоғары болуға тиіс дейді мәжілісмен. Бірақ қауіпсіздік мәселесін сылтау еткен құзырлы органдар жылдамдықты шектеп тастаған. Соның салдарынан мыңдаған жүргізуші ондаған мың айыппұл төлеуге мәжбүр.

Әрі бір санаттағы трассаларға әртүрлі талаптардың қойылуы да сұрақ туындатқан. Мәселен, Көкшетау бағытында шектеу 140, ал Шымкент бағытында 110 шақырым. Бұл әділетсіздік. Сондықтан бәріне бірдей стандарт бекітуді сұрап отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!