Үкімет әрбір отбасының табысы мен шығындарын санамақ

Қайтейік енді

03.07.2026,

  в 16:00

172

Сол арқылы жағдайы бар болса да, мемлекеттен көмек алатындарға тосқауыл қоймақ

Елімізде енді әр отбасының табысын Үкімет есептейді. Тіпті, билік шығындар мен несиелік қарыздарды да цифрлық жүйе арқылы қадағалауды көздеп отыр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Бұл – мұқтаж азаматтардың ахуалын алдын ала біліп, қолдау көрсетуге мүмкіндік береді дейді министр Асқарбек ЕРТАЕВ.

Алайда сарапшылар халықтың шынайы әлеуметтік жағдайын цифрлық жүйе арқылы анықтау мүмкін емес деген пікірде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі әр отбасының қаржылық профилін жасайтын цифрлық база әзірлеп жатыр. Ол үшін Қаржы министрлігі, банктер мен кредиттік бюролардың деректерін есепке алмақ. Соның негізінде әр үйдің табысы, шығыны мен несиелік жүктемесін талдайды. Соған сәйкес мұқтаж отбасыларды ерте анықтай аламыз дейді министр Асқарбек Ертаев.

– Банктермен, Қаржы министрлігімен және кредиттік бюролармен интеграциялау арқылы деректердің құрамын кеңейту болып табылады. Бұл отбасылардың нақты табыстарын, шығыстарын және қаржылық жағдайын ескеруге мүмкіндік береді. Бұл әрбір отбасыға атаулығы мен проактивті көмек көрсетуімізге қамтамасыз етеді, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Яғни бұрынғыдай жағдайы бар болса да, мемлекетке алақан жайып отыратындарға тосқауыл қойылмақ. Осылайша, әлеуметтік көмек әділ түрде бөлінеді дейді ведомство басшысы.

Бірақ сарапшы Нұрсұлтан ҚАРАЖАН халықтың ахуалын цифрлық жүйе арқылы талдау мүлдем дұрыс емес деген пікірде.

– Бұл жерде мынаны ескеру керек те. Әрбір отбасының әлеуметтік жағдайы ол мына банктердің берген, басқа да экономикалық көрсеткіштер әлеуметтік жағдайдың нақты индикаторы емес. Мысалы цифрлық алгоритм ертең базаға келіп түсетін, ол қалай жаңарып отырады? Мысалы бір адамның әлеуметтік жағдайы стабильно тұра бермейді ғой. Бірде көл, бірде шөл, – дейді әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражан.

Сондай-ақ әлеуметтанушы азаматтарға қатысты ақпараттарды талдау кезінде жеке деректердің қауіпсіздігі қаншалықты қорғалатыны да белгісіз дейді. Алайда министрлік өкілдері әрбір отбасының табысы мен шығынына қатысты мәліметтер заңнама талаптарына сәйкес сақталады деп отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!