Қыркүйек таяп қалды. Алматының көшелері қопарылып жатыр

Қайтейік енді

10.08.2026,

  в 12:40

185

Құрылыс-монтаж жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталмайды

Алматыда жаңа оқу жылының басталуына байланысты жол қозғалысына түсетін жүктеме айтарлықтай артады. Осыған орай қала көшелерінде қосымша полиция жасақтары кезекшілікке шығады. Бұл туралы Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур НОҒАЙБАЕВ мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.kz.  

Оның айтуынша, қала аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс-монтаж жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталмайды. Сондықтан оқу жылы басталған кезде көлік ағынының күрт артуы күтіледі.

– Қазір қала бойынша көптеген құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың барлығы оқу жылы басталғанға дейін аяқталмайды. Осыған байланысты жолдарға түсетін жүктеме өте жоғары болады, – деді Тимур Ноғайбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.

Ол кептеліс пен жолдағы тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін проблемалы учаскелер мен ірі қиылыстарға жаяу патрульдер қойылатынын айтты.

– Кейбір жүргізушілер алда кептеліс бар екенін біле тұра қиылысқа кіріп кетеді. Соның салдарынан қозғалыс толық тоқтап, көлік коллапсы пайда болады. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін полиция қызметкерлері негізгі қиылыстарда кезекшілік атқарады, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ полиция қалаға кіреберістердегі жолдарды да ерекше бақылауға алмақ. Атап айтқанда, Құлжа тас жолы, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (ҮАААЖ) жалғасатын бағыттар және Қарасай мен Іле аудандары жағынан келетін негізгі жолдарда қосымша полиция жасақтары жұмыс істейді.

Ал бағдаршамдардың жұмыс режимін өзгерту әзірге жоспарланбаған.

– Бағдаршамдарды қайта баптау мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Алайда кезекші бөлімнің инспекторлары бейнебақылау камералары арқылы жол жағдайын тұрақты бақылап отырады. Қажет болған жағдайда көлік ағынын реттеу бойынша жедел шаралар қабылданады, – деді Тимур Ноғайбаев.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және кептеліс кезінде қиылыстарды бөгемеуге шақырды.

Фото: Алматы әкімдігінен.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!