Зерттеу
26.09.2026,
в 12:00
1921
Hronika.kz анықтағандай, Маңғыстау облысындағы 29011 әскери бөлімі – әскерилер қаза тапқан кешегі оқу-жаттығуға қатысқан бөлімдердің бірі. Ол биыл сәуір айында құтқару жилеттерін сатып алған. «Баға ұсынысын сұрату» тәсілі арқылы Жадыра КЕРІМБАЕВАДАН сатып алыпты. Кімдікі арзан – соныкін таңдапты. Екінші орын алған жеткізуші – ДОСАНОВА дейтін ИП. Келісімшарт сомасы – 2,2 млн теңге. Екі лот бір сатып алу деп біріктірілген.
Бірінен 16 900 теңгеге 79 жилет, екіншісінен 14 800 теңге 64 жилет сатып алынған.
Келісімшартта қаржыландыру «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы бойынша «Арнайы шығындар» есебінен жүргізілетіні көрсетілген.
adata.kz сервисінің мәліметінше, Керімбаева дейтін ИП Ақтау қаласында 2025 жылғы қыркүйекте тіркелген. Қызмет түрі – «Тауарларға пошта арқылы немесе интернет арқылы тапсырыс беру жолымен бөлшек сауда жасау». Компанияның ешқандай лицензиясы жоқ.
Ол әскери бөлімге жилеттен бөлек, пернетақта, металл орақтар, тестер мен конверттер жеткізген.
Жилетінің маркасы мен өндірушісі туралы ақпарат жоқ.
Жадыра Керімбаевамен байланысқа шығып, ол жилет жеткізу тендерін ұтып алғанын және оны биыл шілде айында әскери бөлімге бергенін айтты.
«Тендерді ұтып алғаннан кейін маған мекеме өкілдері хабарласып, қандай жилет қажет екенін айтты. Олар бұған дейін жилеттерді Қарағандыдағы фабрикадан алып келген екен. Мен Қарағандыдағы фабрикамен сөйлесіп, көтерме бағамен сатып алдым да, әскери бөлімге жібердім. Жилеттердің сертификаттары бар. Мен тек тендерді ұтып алып, тапсырыс беруші ретінде жилеттерді жеткіздім. Оларға оның нақты қандай мақсатқа қажет екенін білген жоқпын», – деді Жадыра Керімбаева.
Жеткізуші мемлекеттік сатып алудың стандартты жолымен әрекет еткен: лот жарияланып, техникалық сипаттары көрсетілген, жеткізуші сұралған тауарды жеткізіп, келісімшарт талаптарын орындаған.
Мәселе – сипатына емес, бағасына қарап таңдаған әскери бөлімнің басшылығында болса керек.
Сатып алынған жилеттерді «бұл неғылған нәрсе» деп ЖИ-ден сұрастырып едік, былай дейді ол:
Біріншіден, – бұл балықшылар мен катерге мінгендерге арналған азаматтық жилет. Екіншіден, ол армияға жарамайды. Үшіншіден – қалқымалылығы төмен, шамамен 100-120 Ньютон (материалдың техникалық сипаттамаларына сүйене отырып), НАТО-да мұндай жилеттер үшін стандарт 275 Ньютоннан басталады. Мұндай жилет ауыр әскери киіммен суған батқан сарбазға көмектесе алмайды. Төртіншіден, азаматтық жилеттер синтетикалық матадан жасалады, ол оңай жыртыла салады. Ал әскери жилеттер тығыз әрі төзімді, отқа берік талшықтан жасалады. ЖИ тіпті таңдалған жилеттің түсін де сынап тастады – ашық түстер құтқарушылардың адамды тез табуы үшін жақсы, бірақ ұрыс жағдайында ашық түстер жауға оңай нысана болуы мүмкін.
Негізі нағыз әскери жилеттердің бағасы 150 мың теңгеден басталады. Нақты сомасын айту мүмкін емес, өйткені олар көбіне мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша, жабық құпия келісімшарттар аясында белгілі бір жеткізушілерден сатып алынады. Ал Қазақстанда жилеттер ашық деректі портал арқылы сатып алынған.
24 қыркүйекте Ақтаудан 43 шақырым жерде, «Omir Glamping» демалыс базасы маңында ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз күштерінің 29011 және 21814 әскери бөлімдерінің бірлескен оқу-жаттығуы барысында Каспий теңізінде (әскери «Қайсар» кемесінен 1 метр тереңдікке түсу кезінде) ауа райының күрт нашарлауынан толқын 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. 14 әскери қаза тауып, үшеуі құтқарылды.
Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, премьер-министр Олжас БЕКТЕНОВТІҢ өкімімен қайғылы оқиғаның себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат БОЗЫМБАЕВ басқарады. Ол қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек пен қолдау көрсетілетінін хабарлады.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 453-бабының 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және ҚР ҚК-нің 465-бабы – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жауаптар алынып, сараптамалар тағайындалды. Билік істің әділ тергелетінін және тергеу жұмыстары қысқа мерзімде аяқталатынын мәлімдеді.
Ұсталғандардың арасында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр ХАЙРУШЕВ, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі бар.
Ақтауда қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің туыстары мәйітханаға жиналғанын да айта кеткен жөн. Бұл видео әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Батыс Қазақстан облысынан шыққан үш сарбаздың денесі 25 қыркүйек күні таңертең арнайы рейспен Орал қаласына жіберілді. Оларды туған ауылдарында жерлейді.
25 қыркүйекте Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Мақаланы дайындау кезінде ADATA сервисінің мүмкіндіктері және мемлекеттік сатып алулар сайты пайдаланылды.
Фото: gov.kz.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
25.09.2026,
18:00
24.09.2026,
13:54
23.09.2026,
12:00
21.09.2026,
13:30
21.09.2026,
10:30