Қайтейік енді
16.10.2026,
в 13:30
859
Шығыс Қазақстан облысындағы Бобровка ауылында жер үйде өрт шығып, әйел екі баласымен іште қалып қойған. Отқа оранған баспанада қамалып, көз жұмған бүлдіршіндер бір және екі жастан енді ғана асқан екен. Ал анасы отызға да толмаған, деп хабарлайды Информбюро 31.
Кеше ғана бір отбасының панасы болған үй бір сәтте күлге айналды. Тек ортадағы темір пеш қана тұр. Таңғы тоғызда болған төтенше жағдайды көздерімен көрген куәгерлер ағаштан салынған үй лезде жанып кетті, дейді.
– Біз шамамен 8 жарымда қасынан өттік. Ол уақытта үй қатты жанып жатты. Кіреберіс жағы мен терезелер қызыл жалынға оранған. Одан шығу мүмкін емес, – дейді Бобровка ауылының тұрғыны Геннадий СУХОРУКОВ.
Екі бөлмелі баспана өртенген сәтте балалардың әкесі жұмыста болған екен. Ол жергілікті шаруа қожалықтарының бірінде еңбек етеді. Ауыл әкімінің айтуынша, жас жанұяға үйді шаруа иесі алып беріпті. Тек баспана құнын отағасының айлығынан бөліп төлеу арқылы өтеуге келіскен.
Көршілердің айтуынша, бұл отбасының осы ауылға көшіп келгеніне көп уақыт өтпеген. Марқұмдар көзге де жиі түсе бермейтін еді дейді. Тек анасының екі баласын жетектеп алып, орталықтағы дүкенге барып-келіп жүретіндерін анда-санда ғана көргендерін айтып еске алып отыр.
– Біз мына жерде сиыр сауамыз. Сиыр сауғанда 2 баласын ертіп келіп, осы сиырдың маңайында ойнатып, өзі қайтадан кетіп қалып жүретін. Сол жағдай. Енді былай жақсы кісілер еді, – дейді Бобровка ауылының тұрғыны Толқын ОТЫНШЫ.
Өрт сөндірушілер шақырту келе сала Бобровка ауылынан 23 шақырым қашықтықтағы бекеттен дереу жолға шыққандарын айтады.
– Үйдің төбесі ортасына түсіп, барлау барысында үш адамның денесі табылды. Олар 1998 жылы туған әйел адамның денесі және кәмелетке толмаған екі жас баланың денесі. Өрт 63 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, – деді Амангелді ЕҢСЕГЕНОВ, ШҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.
Тілсіз жаудың тұтану себебі әзірге белгісіз. Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу мен ас шығындарын аудан әкімдігі өз мойнына алғанын айтады.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
15.10.2026,
18:00
12.10.2026,
09:00
13.10.2026,
12:00
10.10.2026,
14:00