Қайтейік енді
19.10.2026,
в 15:00
201
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде көрсетілгендей, 2026 жылы мамыр айында Павлодар – Омбы трассасында қарсы жолаққа шығып, жол ережесін өрескел бұзған бір жүргізушіні полиция қызметкері тоқтатқан екен.
Жүргізуші полицияға ықпалы бар бір туысына қоңырау шалып, көмек сұраған. Сөйтсе, ол туысы мұны тоқтатқан полиция инспекторымен таныс екен. Анау «жібере сал енді» десе, мынау «ең болмағанда 30 мың теңге тастап кетсін» деген талап қойыпты.
Ереже бұзғыштың қалтасында сол сәтте ақша болмай, ол «үйге барған соң аударам» деп уәде береді. Әшейінде ешкімге сенбейтін инспектор бұл уәдеге сеніп қалып, хаттама толтырмай, әлгі жүргізушіні жібере салады.
Онысы бекер болыпты. Жүргізуші сол күйі хабарсыз кетті. Ақшаны аудармақ түгілі, қоңырауына жауап бермей, полицейді блокқа тыққан секілді.
Ала алмай қалған 30 мың теңгесі көкейін тесе берген соң полицей жүргізушіге араша түскен әлгі танысына хабарласады. Оған «15 мың теңге берсе де жетеді» депті.
– Инспектормен қарым-қатынасын бұзғысы келмеген танысы өз қаражатынан 15 мың теңге көлемінде пара беруді ұйғарған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында ол өзге азаматқа телефон соғып, 15 мың теңге қарыз сұраған, – делінген Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.
Ақыры инспектор параны алған. Бірақ мұны «белгілі органдар» біліп қойып, қылмыстық іс қозғалып кетті.
Сотта полиция қызметкері мен «телефон арқылы мәселе шешетін таныс» жауап берді.
Сот екеуін де сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін кінәлі деп таныды. Экс-полицейге пара алғаны үшін 750 мың теңге айыппұл салынды. Ал екінші айыпталушы пара бергені үшін кінәлі деп танылып, 225 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Сөзінде тұрмайтын жүргізушіге дым да болмады: ол іс бойынша куәгер ретінде өтіп болған соң, мәшинесіне мініп кетті де қалды.
Фото: видеодан скрин.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
15.10.2026,
18:00
13.10.2026,
12:00
16.10.2026,
13:30
16.10.2026,
18:00
16.10.2026,
10:30