«Екі акула ауға түсті» – Нұртөре Жүсіп

Не дейді-ей

13.11.2026,

  в 12:00

196

Бұған дейін қармаққа тек шабақтар мен шортандар ғана ілініп қалатын

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре ЖҮСІП әлеуметтік желіде «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Айтуынша, бұл Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанатынын білдіреді.

– Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Заң мен тәртіп» деген қағидатты берік ұстана бастады. Самұрық пен ҚТЖ секілді алпауыт компания басшыларының құрыққа ілінуі — соның айқын дәлелі. Бұрын тек шабақтар мен шортандар қармаққа ілінсе, бүгін екі бірдей акула ауға түсті. Ақ-қарасын тергеп-тексерушілер анықтай жатар. Бізді осындай қаржылық мекеме басшыларының көзсіз әрекеті ойландырады, – деді ол.

Фото: Kazinform.

Сонымен қатар жемқорлық қылмысы мемлекеттің іргетасын ірітетінін атап өтті.

– «Самұрық-Қазына» Ұлттық қордың қаржысына иелік етеді. ҚТЖ – мемлекет ішіндегі кішігірім мемлекет тәрізді құрылым. Мұндай қадамға неліктен барды? Күнкөрісі төмен бе? Айлықтан бөлек бір ғана жылдық бонусы пәлен мұғалім мен түген дәрігердің жылдық табысын бірнеше есе орамай ма!? Тойымсыздық, ашкөздік, қанағатсыздық, жауапсыздық, жұлымырлық пен жемқорлық мемлекеттің іргетасын ірітіп, шірітетінін біле тұра, осындай жойқын жемқорлыққа не үшін барып жатыр? Неге тоқтам жоқ? Президент ұстанымы дұрыс. Заң бұздың ба, арыңмен де, барыңмен де жауап бер! Таза қоғам құру үшін тазалану керек-ақ. Жұртқа керегі – жүйелі тәртіп, – деді Нұртөре Жүсіп.

Фото: iStock.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!