«Ақшаңызды сақтау үшін аударыңыз»: алаяқты қай сөзінен танимыз

Ду шапалаq

06.08.2026,

  в 10:30

189

Егер сізге қоңырау шалып, «күдікті операциялар» туралы хабарласа, не істеу керек

Қазақстанда «қауіпсіз шот» деп аталатын алаяқтық схема таралуда: алаяқтар телефон арқылы «ақшаңызға қауіп төніп тұр» деп сендіріп, оны «сақтап қалуға» көмектесетін шотқа өз еркімен аударуға көндіреді. Ол шотты әрине, алаяқтар ашып қойған, оған аударылған ақша сол күйі кетті дей беріңіз. Көбіне мұндай схемаға егде жастағы адамдар алданып жатады, бірақ соңғы кездері жастар да осындай алаяқтарға жем бола бастады. ЦентрКредит Банкі бұл схеманың қалай жұмыс істейтінін және жиған ақшаңыздан айырылып қалмау үшін не істеу керектігін түсіндірді.

«Қауіпсіз шоттар» деген нәрсе жоқ

Банктерде клиенттің ақшасын қорғап қалу үшін аударатын арнайы «қауіпсіз», «резервтік», «қорғалған» немесе «сақтандыру» шоттар болмайды.

ЦентрКредит Банк ескертеді: ақшаңызды «қауіпсіз шотқа» аудару туралы кез келген ұсыныс – алаяқтардың әрекеті.

Схема қалай жұмыс істейді

Алаяқтар алдын-ала дайындалған сценарий бойынша әрекет етеді.

  • Алдымен адамға емханадан немесе есептегіштерді ауыстыру мәселесі бойынша, не болмаса маркетплейстегі тапсырысқа қатысты қоңырау шалып, SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Клиент кодты айтады, содан кейін әңгіме аяқталады.
  • Артынша басқа бір «маман» қайта қоңырау шалып, өзін банк, полиция немесе қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырады да, «сіздің шотыңыздан ақша ұрламақшы, атыңызға несие рәсімделіп жатыр, жеке деректеріңіз алаяқтардың қолына түсті, шотыңызға қауіп төніп тұр», дегендей жаман жаңалық жеткізеді.
  • Қысымды күшейту үшін қатты асықтырады: дереу әрекет етпесеңіз, ақшаңыздан айырылып қаласыз деп сендіреді.
  • Алаяқтар құрбанын алдын ала «дайындайды»: жақын арада банк қызметкерлері қоңырау шалуы мүмкін екенін ескертеді. Расында да солай болуы мүмкін, өйткені банк күмәнді операцияны байқайды. Алаяқтар сізге банкке не айту керектігін үйретеді: аударымды растап, ақшаны өз еркімен жіберіп жатқанын айтқызады. Мұның бәрі банк операцияны бұғаттамай, ұрлықтың алдын алмауы үшін жасалады.
  • Ең дұрыс жалғыз «шешім» ретінде ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару ұсынылады. Олар тексеру аяқталғанша ақша сол шотта қорғалып тұрады деп сендіреді.

Шындығында ақша толықтай алаяқтардың шоттары мен банк карталарына түседі. Аударылған қаражатты кері қайтару өте қиын.

Қандай сөздер күмән тудыруы керек

  • Егер әңгіме барысында мынадай сөздерді естісеңіз, әңгімені бірден тоқтатыңыз:
  • «Ақшаңызды шұғыл түрде қауіпсіз шотқа аударыңыз»;
  • «Біз сіз үшін қорғалған шот аштық»;
  • «Тергеу аяқталғанша ақшаңызды сақтау қажет»;
  • «Біздің әңгімеміз туралы ешкімге айтпаңыз»;
  • «Нұсқауларымызды орындаңыз және телефонды қоймаңыз»;
  • «Алаяқтардан бұрын үлгеру үшін несие рәсімдеңіз»;
  • «Ақшаны мобильді қосымша арқылы өзіңіз аударыңыз».

Осы сөздердің кез-келгені – алаяқтық схеманың анық белгісі.

Банктің әдетінде не болмайды

  • ақшаны «сақтау» үшін басқа шоттарға аударуды талап етпейді;
  • қаражатты қорғау мақсатында несие рәсімдеуді сұрамайды;
  • бөгде қосымшаларды орнатуға көндірмейді;
  • әңгімені құпия ұстауды талап етпейді;
  • психологиялық қысым көрсетпейді және шешім қабылдауға асықтырмайды.

Қалай қорғануға болады

  • Егер сізге қоңырау шалып, шотыңыздағы «күдікті операциялар» туралы хабарласа, ЦентрКредит Банк мынадай кеңес береді:
  • қоңырау шалушы сенімді сөйлеп, өзін ресми тұлға ретінде таныстырса да, әңгімені дереу тоқтатыңыз;
  • банктің ресми сайтында көрсетілген нөмір арқылы банкке өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз;
  • бейтаныс адамдардың нұсқауымен ешқандай «арнайы» шоттарға ақша аудармаңыз;
  • SMS-кодтарды, PIN-кодты, банк картасының CVV-кодын және мобильді қосымшадағы құпиясөздерді ешкімге айтпаңыз;
  • қандай да бір күмән туындаса, банкпен тек ресми байланыс арналары арқылы хабарласыңыз.

ЦентрКредит Банк тағы ескертеді: ақшаңыздың тағдырын тек өзіңіз ғана шешесіз және мұны тек банкпен тікелей байланыс арқылы жүзеге асырасыз. Ешқандай делдалдар, «арнайы тексерулер» немесе қаражатты шұғыл аударуды талап ететін қоңырауларға сенбеңіз.

Мынаны есте сақтаңыз!

Қауіпсіз шот деген болмайды. Егер сізді ақшаңызды «құтқару» үшін аударуға көндірсе – бұл сол ақшаны ұрлауға жасалған әрекет. Ең дұрыс шешім – әңгімені тоқтатып, банктің ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласу.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы 3 ақпанда берген № 1.2.25/195/34 лицензия.

Фото: iStock.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!