Әнші Бақтияр Тайлақбаев элиталық үй алам деп алданып қалды

Қайтейік енді

14.10.2026,

  в 15:00

179

Үш қабатты үйдің құрылысына 150-ден астам адам бес жыл бұрын қаржы құйыпты

Белгілі әнші Бақтияр ТАЙЛАҚБАЕВ шығармашылығын ысырып қойып, құрылыс компаниясымен бас қатырып жүр. Өйткені элиталы ауданнан пәтер аламын деп жер сипап қалған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Екінің бірінің қалтасы көтермейтін үйлердің құрылысы бес жылдан бері тоқтап тұр. Дәл осылай баспаналы боламын деп жер сипап қалған үш құрылыс компаниясының үлескерлері Алматыда бас көтерді.

Үш қабатты үйдің құрылысына 150-ден аса алматылық бес жыл бұрын қаржы құйған. Бір жылдың ішінде үй қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ үйдің қазіргі жағдайы – тек қабырғасы қаланған.

Қала әкімдігінің алдына үш бірдей құрылыс компаниясына алданғандар жиналды, қатарында әнші Бақтияр Тайлақбаев та бар. Ол бес жыл бұрын Miras Green Technology Building құрылыс компаниясынан пәтер аламын деп қаржы құйған. Қаланың шуынан қашып, тау етегіндегі тыныш жерге қоныстанамын деп жоспарлапты. Бірақ қазір не үй, не ақшасы жоқ.

– Бұл үйге 30-40 миллиондай салдық. Мен өзім бала-шағама, қызыма үй алайын деп, сондай әрекет жасаған едім. Мінеки, 5-6 жыл болды, не үй жоқ, не шешім жоқ. Заңды салынып жатыр деп айтылды, сондай ақпарат келген, соған сендік. Енді есептесек, сол азаматқа 3 миллиардқа жуық ақша кетті. Үш қабатты бизнес санаттағы тұрғын үй кешені. Инфрақұрылымы болады, жеке күзеті болады деген. Талабымыз – үй берсін немесе қаражатымызды қайтарсын, – дейді әнші Бақтияр Тайлақбаев.

Әнші Тайлақбаев сынды «Швейцария» тұрғын үй кешенінен үй аламыз деп алданғандардың саны 150-ге жуық. Сонымен қатар «Амадеус Хотел Групп» құрылыс компаниясы да 60-қа жуық үлескерді сан соқтырыпты. Олар да бес жыл бұрын Pine Hill мен Sky Club тұрғын үйлеріне миллиондаған қаржы құйған. Бірақ басталған құрылыс аяғына жеткізілмеген.

– Балам Sky Club деген мекемеге арыз беріп, үй аламын деп, «Отбасы банктен» 50 миллион теңгеге ипотека алып, соны құйып, енді алты жылдан асып кетті, ешқандай нәтиже жоқ. Не үй, не ақша жоқ. Балама сондай жаным ашиды, өйткені біз үйді кепілге қойдық, сол баламызды құтқарамыз деп, – дейді үлескер Серік АХЫШ.

Жиналғандардың қатарында Building Service құрылыс компаниясына 20 жыл бұрын қаржы төлеп, үйінің кілтін әлі күнге дейін күтіп жүргендер де бар. Соның бірі – зейнеткер Нұрсұлу ТОЙБАЕВА. Кейуана 2007 жылы «Тау-Көктем» тұрғын үй кешенінен пәтер аламын деп 50 миллион қаражат құйған.

– 20 жылда қанша адам қайтыс болды. Ол тұрғын үй кешенін ауыстырды, қазір «Силвер хилс», «Тау-көктем» емес. Басқа адамдар тұрып жатыр. Бірақ біз 20-30 адам үйсіз жүрміз, – дейді үлескер Нұрсұлу Тойбаева.

Үлескерлерін үйсіз қалдырған құрылыс компанияларының басшылары қазір қамауда екен. Шенеуніктер жиналғандардың мәселесін шешу бағытында жұмыс жүріп жатыр деп сендірді.

– Ведомствоаралық комиссия инвестормен келісімге келді. Жер учаскелеріндегі тыйымды алып тастап, жоғалған құжаттарды қалпына келтіру жұмысы аяқталғаннан кейін оларға беріледі. Осыдан кейін инвестор үлес құрылысына қатысушылар алдындағы қарызды өтеу міндеттемесін өз мойнына алады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – дейді Көкен ЖАРҚЫНБЕК, Алматы құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары.

Осылайша Бақтияр Тайлақбаевпен қоса, жалпы саны 200 адамның күтуден басқа амалы жоқ.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!