Бомба түскен Омбыда «Ресей-Қазақстан» форумы өтеді

Қайтейік енді

07.07.2026,

  в 15:00

446

Омбыдағы саябаққа Кемел Тоқаевтың есімі берілмек

XXII Ресей-Қазақстан ынтымақтастық форумы 24-25 шілде күндері Омбы қаласында өтеді. Бұл туралы Омбы облысының билігі хабарлады. Биылғы форумның тақырыбы – «Жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру: Ресей мен Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиектері».

Ресейдің Экономикалық даму министрлігі ұйымдастырып жатқан форум экономикалық саладағы екіжақты маңызды іс-шаралардың бірі ретінде қарастырылуда. Ол екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастығы мен сарапшылар қауымы өкілдерін біріктіреді. Іс-шараның мақсаты – өңіраралық ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру.

– Форумның іскерлік бағдарламасы аясында екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша панельдік пікірталастар, жастар форумын, Ресей-Қазақстан және Қазақстан-Ресей іскерлік кеңестерінің бірлескен отырысын, сондай-ақ іскерлік байланыстар биржасын өткізу жоспарланған. Дәстүр бойынша форум аясында екі ел өңірлерінің әлеуетін таныстыратын мәдени және көрме іс-шаралары ұйымдастырылады, – деп мәлімдеді Омбы облысының үкіметі.

Іс-шараға екі мемлекеттің президенттері – Владимир ПУТИН мен Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қатысады деп күтілуде. Президенттер форумға дайындық мәселесін маусым айында өткен екіжақты кездесуде талқылаған болатын.

Осы оқиғаға орай Омбыдағы соғыс ардагерлеріне арналған госпиталь маңындағы саябаққа Қазақстан президентінің әкесі Кемел Тоқаевтың есімі берілмек.

Кемел Тоқаев Ұлы Отан соғысы жылдары жарақат алғаннан кейін осы госпитальде емделген екен. Бірнеше жыл бұрын мекеме ғимаратына осы оқиғаны еске салатын мемориалдық тақта орнатылған.

Фото: Supernova+ (Омбы мұнай өңдеу зауытындағы өрт).

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!