Дәрігерлердің емінен кейін 4 жасар баланың екі құлағы естімей қалды

Қайтейік енді

09.08.2026,

  в 13:00

249

Бала екі жасында қызуы көтеріліп, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған

Қызылорда қаласында дәрігерлердің емінен соң төрт жасар баланың екі құлағы естімей қалды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Ақ халаттылар қызуы көтеріліп барған бүлдіршінге өте ауыр антибиотик қолданған дейді ата-анасы. Соның кесірінен ауруын асқындырып, есту қабілетіне зақым келтірген деп отыр.

Кішкентай ұлдың жақындары өз ісіне салғырт қараған медицина мамандарын жазалауды талап етеді. Төрт жасар Айсұлтан АЙТУАРДЫҢ құлағына арнайы аппарат тағылғанына екі жыл болған. Өйткені бүлдіршін құрылғысыз ештеңені естімейді. Ата-анасы бұған дәрігерлердің салғырттығы себеп дейді.

Айтуларынша, бала екі жасында қызуы көтеріліп, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Бірақ мамандар бүлдіршіннің ағзасы көтермейтін ванкомицин деген препаратпен емдеген деп отыр.

12 жасқа дейін болмайды екен негізі, ванкомицин деген дәрілерді салуға. Ол бір сағат капать ететін сондай антибиотик. Соны салды баламызға. Бірақ оның побочный эффектісін ескертпеді. Сонымен баламыз больницадан шыққаннан кейін бір-екі айдан соң білдік, естімей қалғанын. Ал дәрігер өзінің қателігін түсініп те, мойындап та отырған жоқ, – дейді Айсұлтан Айтуардың анасы Бақытгүл ҚЫСТАУБАЕВА.

Қызылорданың дәрігерлерінен үміт үзген ата-ана қазір өзге өңірлердің мамандарына жүгініп жүр. Оның үстіне полицейлер де ақ халаттылардың салғырттығына қатысты қылмыстық істі қысқартып тастады деп ашулы.

Енді естіп бастап жатыр. Бірақ естігенмен де сөйлеу үшін әлі әріп, дыбыстарды ажырату керек. Сол үшін маманға жүгініп жүрміз. Арыздандық. Қылмыстық іс болып тіркелді. Содан кейін біраз уақыт өтіп кеткен соң істі жауып тастаған екен, – дейді Айсұлтан Айтуардың әкесі Айдос ЫҚЫЛАСОВ.

Ал аурухана өкілдері Айсұлтан Айтуарға тиісті ем-дом жасадық деп ақталды. Барлық дәрі-дәрмек науқастарға хаттама бойынша беріледі деп отыр.

Антибиотикті негізгі жасына, салмағына сәйкес есептеп беріледі. Біз бұл протоколдан артық басқа ем-дом шараларын қолданбаймыз. Енді бұл айтылып отырған антибиотикті былайынша айтқанда осы жерге түскен науқастардың 50 проценті қабылдайды десем өтірік емес. Одан балалардың саңырау болып қалған жағдайын бақылап көрген емеспіз. Болған да емес, – дейді Шарипа ӘЛИЕВА, Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.

Прокурорлар жәбірленуші тараптың уәжін қайта тыңдап, тергеу амалдары жалғасатын жеткізді. Ал баланың ата-анасы кінәлі адамдар заң алдында жауап бергенін қалайды.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!