Хоккей жаттықтырушысы 16 жастағы студентті зорлады

Қайтейік енді

15.09.2026,

  в 13:30

246

38 жастағы бапкер алғаш рет Талдықорғанда хоккейден өткен жарыс кезінде арам ойын іске асырған

Қызылорда облысы Сырдария ауданында хоккей жаттықтырушысы өзінің 16 жастағы студентін зорлады деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Кәмелет жасына толмаған қыз «бапкерім екі жыл бойы қорлап, қорқытып келді» дейді. Жыныстық қатынасқа тартқанымен қоймай, ұрып-соғып, тіпті тәнімді саудалауға да мәжбүрледі деп отыр.

Сондай-ақ, қазір 38 жастағы күдіктіні ұстап алып, күш көрсеткен жасөспірімнің анасы мен ағасы да тергеуге алыныпты.

16 жастағы қыздың екі жыл бойы жаттықтырушысынан көрген азабын естігенде жаның түршігеді. Айтуынша, 38 жастағы бапкері алғаш рет хоккейден өткен Талдықорғандағы жарыс кезінде арам ойын іске асырған. Жалдамалы пәтерде масайтатын сусын беріп, мәжбүрлеп төсекке тартты дейді. Ол аздай, сол күнгі оқиғаның видеосы бар деп қорқытып, талай рет өз дегеніне көндіріп келді деп күйінеді.

– Сенің менде видеоңды таратқанымды қаламасаң, менің айтқандарымды істейсің. Үйіңдегілерге ештеңе айтпайсың. Тек менің айтқандарымды істеп жүресің. Жаттығу уақытынан кейін мені өз машинасына мінгізіп алып, тоғайлы жерге апарып менімен жыныстық қатынасқа түсетін. Мені мәжбүрлеп, видеоңды таратамын деп қорқытып. 2025 жылдың маусым айынан бастап мені басқа адамдарға сатып, ақша, наша алып бастады, – дейді жәбірленуші.

Колледжде оқитын жасөспірім «жаттықтырушым тағы бірнеше ер адамға интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрледі» деп отыр. Шыдамы шегіне жеткен жәбірленуші басынан өткен сұмдықты ата-анасына айтқан. Сол сәтте ашуға булыққан жақындары полицияға хабар бермес бұрын 38 жастағы бапкермен кездесіп, қол көтерген екен.

– Сол аффектпен барған кезде енді менің анама, ініме жалпы отбасыма жала жабылып, қамауға алынып жатыр. Біз өзіміз жәбірленуші болып, яғни сіңілім кәмелетке толмаған болса да, зорланып отырса да анама, ініме іс қозғаған дұрыс деп санамаймын. Өйткені өзінің қызы зорланып жатқанда, кім бей-жәй қарап тұрады дейсіздер, – дейді жәбірленушінің әпкесі Медина ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ.

Ал полиция департаментіндегілер жасөспірімді зорлады деген күдікпен жаттықтырушыдан бөлек, тағы бір ер адамның қамауға алынғанын айтады.

– Екі күдікті ұсталып, сот санкциямен қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, қатысушылар іс-материалдармен танысуда. Бұдан бөлек екінші тарапқа қатысты «Адам ұрлау» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған, – деді Бауыржан СӘУЛЕБЕКОВ, Қызылорда облыстық полиция департаментінің басқарма басшысы.

Полицияның мәліметінше, жәбірленуші қыздың анасы мен 18 жастағы ағасы жаттықтырушыны ұрлады деген күдікке ілініп отыр. Ал өз шәкіртін спортқа бейімдеудің орнына, азғындық жасады деген азаматтың ісі жақында сотқа жолданады.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!