Көшеде жүретін «военкоматтар» жас жігіттің өмірін құртты

Қайтейік енді

15.07.2026,

  в 15:00

497

Шымкентте әскерге барудан бас тартқан жігіт мүгедек болып қалды

Шымкентте әскерге барудан бас тарқан жігіт үшінші қабаттан құлап, мүгедек болып қалды. Қабырғалары мен қолы сынған 23 жастағы Арман Хабибуллаға екінші рет ота жасалады, деп хабарлайды Информбюро 31.

Ойын орталығында отырған оны комиссариаттан келдік дегендер түн ішінде күштеп әкетпек болған. Қарсылық танытқанына қарамастан ұялы телефонын да қайтармай, баланы жалындырған дейді анасы. Енді міне сап-сау ұлы денсаулығынан айырылып, ал оны еркінен тыс әскерге сүйрегендер жазасыз қалды, деп күйінеді.

Бұл Шымкент қаласында болған жағдай. Түнгі бірлер шамасында компьютерлік ойын орталығында отырған балаларға өздерін әскери комиссариаттанбыз деп таныстырған төрт адам келген екен. Сөйтіп, құжаттарын сұрап, 23 жастағы ұлым Арман Хабибулланы әкетеміз деген, дейді Жанна БӘЙДІБЕКОВА.

Бұған келіспеген жігіт терезенің үшінші қабатынан секірген. Содан бері жеті күн бойы комада жатқан балам енді мүгедек болып қалуы мүмкін деп отыр.

– Не болды, не жағдай десем, баланың басынан жарақат алған. Бас сүйегі жарылған. Алдыңғы бөлігі жарылған деді. Қабырға сынған деді және қолы сынған деді. Әзірге ешнәрсе айта алмаймыз деді. Ол кісілер участковый екен. Екеуі СОБР-дың жігіттері екен. Не мақсатпен игротекаға келді. Не мақсатпен әскерге алып кетемін деп баламды қорқытады. Неге мәжбүрлейді терезеден секіріп кетуге, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жанна Бәйдібекова.

Биіктен құлаған жігіттің басына ота жасалып, төрт күннен соң есін жиған. Бірақ бар қиындықтың бәрі алда тұрғанын білмедік дейді анасы. Енді үйлендіремін деп отырған ұлына дәрігерлер мүгедектікке құжат жинауды тапсырыпты. Сөйтіп, келесі айда басына тағы да операция жасамақ. Осының бәріне полицейлерді кінәлаған келіншек олар кешірім сұрап келмек түгілі, жауапқа да тартылмады деп ашынады.

– Мен тергеушіден нақты жауап ала алған жоқпын. Допроc алдыңыз ба десем ертең аламын, ертең аламын дейді. Міне, кеше 3-4 күн бұрын допрос алдық деді. Куәгерден алдық деді. Біреуінен әлі алған жоқпыз деді. Мен соған таң қалып тұрмын. Олар әлі жұмыстарын істеп жатыр, – дейді Жанна Бәйдібекова.

Арыз жазғалы тергеушілер де тоқтаусыз ауысып жатыр, дейді Арманның анасы. Жуырда тағы да жаңадан тағайындалған тергеуші іспен енді танысып жатырмын деп қысқа қайырған екен. Құзырлы орган өкілдерінен қайыр таппадық деген Шымкент қаласының тұрғыны бұл іске Ішкі істер министрлігінің араласуын сұрайды.

Ал Шымкенттің полиция департаменті бұл мәселе бойынша әзірге жауап берген жоқ.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!